«Жарқыраған жұлдыздар»: елордада көркем гимнастикадан халықаралық жарыс өтті

«Жарқыраған жұлдыздар»: елордада көркем гимнастикадан халықаралық жарыс өтті

Елорда төріндегі «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенінде көркем гимнастикадан «Жарқыраған жұлдыздар» атты халықаралық турнир өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Турнирге жерлестерімізден бөлек, Жапония, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Ресей, Вьетнам, БАӘ сынды мемлекеттерден келген 500-ге жуық жас гимнаст екі күн бойы сынға түсті.

«Астана қаласында бұқаралық спорт қозғалысын арттыруға, спорттағы жетістіктерді ынталандыруға бағытталған көптеген спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі халықаралық турнир – соның бір айғағы.

Қазіргі таңда Астана қаласында жасөспірімдердің көркем гимнастикаға деген қызығушылығы жоғары. Бұл спорт түрінде әлемдік деңгейдегі белесті бағындырып жүрген қыздарымыз жетерлік. Солардың бірі, күні кеше Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен ХІХ Жазғы Азия ойындарында көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасы күміс жүлдегер атанған болатын.

Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен Астана қаласының үздік гимнасшыларының бірі Эрика Жайлауова бар. Осындай үздік нәтижелерді көрсетіп келе жатқан спортшыларымызды мақтанышпен айта аламыз», – деді жарыстың ашылу салтанатында Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқарма басшысы Самат Жылқыбаев.