
Бүгін №68665 әскери бөлімінде қаладағы жалпы орта білім беретін мектептердегі әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушілерінің қатысуымен «Жас Сарбаз – патриоттар мекені» іс-шарасы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Күзгі әскери-патриоттық дала жиынына Астана қаласы әкімдігі, «Жастар саясаты мәселелері» басқармасы, ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының және Астана қаласы қорғаныс істері департаменті қолдау білдірді.
«Күзгі әскери-патриоттық іс-шара үш күнге созылмақ. Мұнда жас сарбаздар интеллектуалдық, физикалық және тактикалық сайыстарда ой жарыстырып, күш сынасатын болады. Сайысқа қаладағы 95 мектеп, 35 колледж арасындағы ең үздік әскери-патриоттық клуб қатысушылары таңдалып алынды», - деді Астана қаласы «Жастар саясаты мәселелері» басқарманың ресми өкілі Әлібек Жүсіпов.
Сайысқа 150-ге жуық жасөспірім іріктеп алынған. Әр командадағы 15 ұл, 5 қыз өзге қарсыластарымен сынға түсетін болады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған әскери-патриоттық дала жиыны жыл сайын көктем мен күзде екі мәрте өтіп тұрады. 2018 жылы алғаш рет өткен жарыс биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр.
«8-11 сынып оқушылары әр мектепте арнайы пән бойынша алғашқы әскери дайындықтан өтетінін белгілі. Біздің мақсатымыз – олардың сол білімдерін одан әрі толықтырып, әскери бөлім базасында іс-тәжірибеден өткізу. Осы арқылы олардың жігерін жанып, рухын оятып, отансүйгіштікке баулу. Бұл іс-шаралар жастарымызды кәсіби бағыттауға, әскери мамандарымыздың сабын толықтыруға септігін тигізеді деп сенеміз», - деді Астана қаласы әскерге шақыру комиссиясының мүшесі Ғани Артықов.