
Республикалық «Күй анасы» қорының бастамасымен, сондай-ақ Астана әкімдігінің қолдауымен 20-21 қазанда елордада Дина Нұрпейісова атындағы «Астана – күй қанатында» домбырашы-күйшілердің I қалалық байқауы өтеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Конкурсты Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚХА үкіметтік емес сектормен жұмыс бөлімінің басшысы Айдана Қамзаева, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Күй анасы» республикалық қорының атқарушы директоры Төлеген Қуанышев, музыкант-орындаушы, халықаралық байқаулар мен фестивальдердің лауреаты Айтолқын Тоқтаған баяндады.
І қалалық Дина Нұрпейісова атындағы байқаудың басты мақсаты – патриотизмді, рухани кеңістікті дамыту және балалар мен жастардың көркемдік талғамын тәрбиелеу, ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті арттыру.
Байқауға 14 пен 35 жас аралығындағы орындаушылар қатыса алады. Музыкалық турнирге қатысуға өтінімдерді 25 қыркүйектен 15 қазанға дейін мына электрондық поштаға жіберуге болады: aitolkyn_toktagan@mail.ru.
Айта кетейік, «Күйшілер аллеясы» республикалық қоры елордада «Ғасыр адамы» атанған Дина Нұрпейісова ескерткішінің, биіктігі 5 метрден асатын «Домбыра» инсталляциясының, Қазақ халқының 101 күйші мен күйші композитолардың заманауи цифрлық (QR) ескерткіш тасының ашылуына бастамашы болған.