«Жас сарбаз»: Астанада жастарға патриоттық тәрбие беру жұмысы қалай жүргізіледі

«Жас сарбаз»: Астанада жастарға патриоттық тәрбие беру жұмысы қалай жүргізіледі

Патриоттық тәрбие жүйесі білім беру мекемелерінде оқыту және тәрбиелеу процесінде әлеуметтік маңызы бар құндылықтарды, азаматтық пен патриотизмді қалыптастыруды және дамытуды көздейді. 2018 жылы Қазақстанда «Жас сарба»з балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы құрылды. Елордада оның сегіз мыңға жуық тәрбиеленушісі бар. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

2018 жылы «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» құрылды. Қазіргі таңда барлық өңірде «Жас сарбаз» қозғалысының филиалдары бар. Астанада 8 мыңға жуық балалар тәрбиеленеді.

«Жас сарбаз» Астана қаласының оқушылары мен студенттері арасында танымал қозғалыс. Ол сондай-ақ халық пен ел басшылығының қолдауына ие болып, өскелең ұрпақты жоғары рухани-адамгершілік құндылықтарға, өзара түсіністікке, Қазақстан халықтары достығына негізделген патриоттық рухта тәрбиелейді», - дейді Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы.

Айтуынша Жастар саясаты мәселелері басқармасы жыл сайын «Жас сарбаз» жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге бағытталған іс-шаралар кешенін өткізеді. Жоба патриоттық және тәрбиелік шаралар кешенінен тұрады.
Басқарма басшысы сөз арасында 2022 жылы атқарылған жұмыстар туралы айтты. Олар:

-Жастар арасында спортты насихаттау және ерік-жігерді тәрбиелеу мақсатында орта арнаулы оқу орындары арасында жеңіл атлетикадан марафон өткізілді;
- Оқушылардың шығармашылық дамуы, дарындыларды анықтау мақсатында әскери-патриоттық әндер байқауы ұйымдастырылды;
- Ауған соғысы ардагерлеріне деген мақтаныш, құрмет сезімін ояту үшін Ауған соғысы ардагерлерімен және Халық қаһармандарымен кездесу өтті;
- «Жас Сарбаз» қатарында волонтерлік қызметті дамыту мақсатында қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады;
- Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себетін тарату;
- Қарттар үйлері мен балалар үйлеріне бару акциялары;
- әскери-патриоттық фильмдер көрсету;
- ерлік сабақтары сияқты шараларға қатысады.

Жыл сайын «Жас сарбаз» тәрбиеленушілері арасында 3 күндік әскери-патриоттық жиын өткізіледі.

«Бағдарламаға спорттық жарыстар кіреді. Мәселен кедергілерден өту, денені көтеру, тартылу және т.б. Сонымен қатар автоматты бөлшектеу және құрастыру, робототехника байқауы және басқа да сайыстар.

Сонымен қатар, қалалық жиындарда астаналық жас сарбаздықтар арасынан «Айбын» республикалық әскери-патриоттық далалық жиынына қатысушыларды іріктеу жүргізіледі.

Биыл 17-23 шілде аралығында Қарағанды облысындағы Спасск оқу орталығында республикалық «Айбын» жастар слеті өтті. Сайыс бағдарламасына «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны мен «Күшіміз бірлікте» әскери-далалық ойыны, «Айбын жұлдызы» шығармашылық байқауы және «Smart Sarbaz» робототехника байқауы кірді. Жарыс жеңімпаздары кубоктармен, медальдармен, дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды», - дейді Қайрат Қамбаров.

Айтуынша патриоттық қозғалыстың арқасында балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі төмендеген. Биыл да жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу бойынша іс-шаралар кешені басталып кетті.