
Елорданың «Аспан» спорт кешенінде 23-28 қыркүйек күндері семсерлесуден «Астана қылышы» республикалық ашық турнир өтеді. «Астана» семсерлесу федерациясының президенті Ержан Нүсіпбеков елорданың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте спорт жарысын ұйымдастыру және өткізу туралы айтып берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараға Астана, Алматы қалалары, Қарағанды, Шымкент, Тараз, Алматы, Шығыс Қазақстан, Абай және Солтүстік Қазақстан облыстарынан 2007 жылы туған және одан кіші 200-ге жуық жас және дарынды спортшылар қатысады деп күтіліп отыр.
Турнир қала әкімдігі мен Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өткізіледі.
«Медальдар, кубоктар мен марапаттар осы іс-шараның ерекшелігін көрсету үшін арнайы әзірленіп, брендтеледі. Жарыс бағдарламасына ұлдар мен қыздарға арналған қылыш, ұлдар мен қыздарға арналған рапира, ұлдар мен қыздарға арналған қылыш кіреді.
Жарыс екі жас санатында өтеді: 2007-2012 жылдары туған ұлдар мен қыздар, 2010 жылы туған және одан кіші ұлдар мен қыздар», – деді елордалық семсерлесу федерациясының президенті.
Ұйымдастырушылар «Астана қылышының» басты мақсаты – семсерлесуді насихаттау, оған жаңа спортшыларды тарту және дарынды жас семсерлесушілерді қолдау.