Астанада емханаға қалай тіркелуге болады

Астанада емханаға қалай тіркелуге болады

15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында Астанада азаматтарды емханаларға еркін тіркеу акциясы өтуде. Оны қалай жасау керектігін елорданың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Төлеуова айтып берді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

«Емханада тіркелу тәсілдері өзгерген жоқ. Екі түрлі әдіс бар.

Біріншісі – «Электрондық үкімет» порталы арқылы «алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдарға тіркелу» қызметін пайдалану, екіншісі – емханаға бару және өтініш жазу арқылы тіркелу», – деді Айнұр Төлеуова.

Екінші әдісті зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, бала күнінен мүмкіндігі шектеулі жандар, бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жүрген азаматтардың қамқоршылары, студенттер, мерзімді сарбаздар, шетелде туған балалар, сондай-ақ сенімхатпен есепте тұрған азаматтар пайдалана алады.

«Бұдан былай емханада есепке қою үшін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден келген еңбек мигранттары ерікті медициналық сақтандыру полисін сатып алуға тиіс. Олар клиниканың тіркеушісіне барып, өтініш жазады. Бұдан басқа, Қазақстанға уақытша келген немесе баспана іздеп жүрген азаматтығы жоқ шетелдік азаматтар ерікті медициналық сақтандыру шарты негізінде алғашқы медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымда есепке қойылады.

Шарттың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін олар медициналық ұйымнан автоматты түрде шығарылады», – деп түсіндірді спикер.

МСАК ұйымына тікелей жүгінген кезде оның мамандары «тіркелген халық тіркелімі» медициналық ақпараттық жүйесіне тіркеуге сұрау салуды ресімдейді. Цифрлық денсаулық сақтау субъектісінің маманы тіркеуге арналған сұрау салуды қарайды және өтінімді мақұлдау не дәлелді бас тарту туралы шешім қабылдайды.

Мемлекеттік қызмет құжаттарды тапсырған сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде көрсетіледі. Мемлекеттік қызмет көрсетуге сұрау салу МСАК ұйымының жұмысы аяқталғанға дейін екі сағат бұрын (жұмыс күндері сағат 18.00-ге дейін) қабылданады.

ЭҮП арқылы мемлекеттік қызмет ЭҮП-ке жүгінген күні көрсетіледі.

Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі «жеке кабинетке» электрондық құжат нысанында тіркелгені туралы хабарлама немесе дәлелді бас тарту болып саналады.

Жеке тұлға емханаға тіркелген кезде алдыңғы ұйымнан шығару автоматты түрде жүзеге асырылады.

Егер пациент басқа елді мекенге (іссапарға, қонаққа және т.б.) барып ауырып қалса, онда шұғыл медициналық көмек алу үшін ол орналасқан жері бойынша жақын жердегі медициналық ұйымға жүгіне алады немесе жедел медициналық жәрдем бригадасын шақыра алады.