Парламент депутаттары Астанадағы паралимпиадалық жаттығу орталығының жұмысымен танысты

Парламент депутаттары Астанадағы паралимпиадалық жаттығу орталығының жұмысымен танысты

Сенаторлар мен мәжілісмендерден құралған «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобы Астанадағы паралимпиадалық жаттығу орталығында болып, спортшылармен кездесіп, олармен ағымдағы мәселелерді талқылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Депутаттарға мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген тренажер және ойын залдары, жүгіру полотносы, жекпе-жек аймағы көрсетілді. Сондай-ақ, олар орталықтың жұмысымен танысып, пара спортшылармен өзекті мәселелерді талқылады.

«Парламентте екінші сессия жұмысының басынан бастап «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобы құрылды, оның басшысы Еран Әбдиев болып табылады. Инклюзия бойынша барлық проблемалар бүгінде қолданыстағы заңнама шеңберінде шешіледі.

Бірақ проблемаларды неғұрлым тиімді шешу, инклюзия саласын бақылау және жалпы мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін «Инклюзивті парламент» депутаттық тобы құрылды», - деді ҚР Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова.

Кездесуге қатысушылар спортшыларды тасымалдау, халықаралық жарыстарға аккредиттеу, жаттығу жұмыстары, вагондарда мүгедектер үшін мамандандырылған орындар құрудың өзекті мәселелерін талқылады.