VI Ұлттық спорт фестивалі: астаналық команда II орынға ие болды

VI Ұлттық спорт фестивалі: астаналық команда II орынға ие болды

Елорда іргесіндегі «Қазанат» атшабарында 4 қыркүйек күні басталған ҚР Ұлттық спорт түрлерінен VI фестивалі аяқталды. Төрт жыл сайын өтетін ұлттық спорттың басты додасында өңірлер асық ату, аударыспақ, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу, тоғызқұмалақ спорт түрлері бойынша кіл мықтыны анықтады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Аталған жарысты ҚР Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, ҚР ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, ұлттық спорт түрлері федерациялары ұйымдастырды.
Іс-шараның жабылу салтанатына Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов, ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов және Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сабитов қатысып, жүлдегерлерді марапаттады.

Жарыстың жалпыкомандалық қорытындысы бойынша Ұлттық спорттың 11 түрінен 85 спортшысымен үздік өнер көрсеткен Түркістан облысы (574 ұпай) жеңімпаз атанды.
Екінші орынды Астана қаласы (549 ұпай) алса, үздік үштікті Жамбыл облысы (460 ұпай) түйіндеді.

«Бүгін міне жеті күнге жалғасқан Ұлттық спорт түрлерінен фестивальдің қорытындысыда шықты.
Еліміздің әр өңірі үшін маңызды Ұлттық спорт түрлерінен VІ фестивалін Астана төрінде өткізу біз үшін үлкен мәртебе. ҚР Ұлттық спорт түрлерінен VІ фестиваліне Астана қаласынан 81 спортшы 11 спорт түрінен өз бақтарын сынады. Жалпыкомандалық есеп бойынша Астана қаласының құрама командасы жоғары нәтижеге қол жеткізіп, II орынға ие болды. Бірге жеткен жетістігіміз көп болсын!» - деді қалалық спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов.

Асық атудан Павлодар облысы мен Астана қаласы (бес асық), аударыспақтан Ақтөбе облысы, бәйге, жамбы ату, қазақ күресі, теңге ілуден Түркістан облысы, дәстүрлі садақ атудан Астана қаласы, жекпе-жектен СҚО, көкпардан Жамбыл облысы, құсбегіліктен Алматы облысы, тоғызқұмалақтан БҚО (ер) мен Павлодар (әйелдер) облыстарының спортшылары үздік өнер көрсетті.

Фестивальдің бағдарламасына дәстүрлі садақ ату (жерде тұрып садақ ату) спорты тұңғыш рет енгізілген болатын. Сондай-ақ, теңге ілу спортшылары бірінші рет «қос құлаш», «жеті құт», «бес белес» деген үш түрлі дистанцияға бөлініп жарысты.

Фестивальге еліміздің барлық өңірінен 11 спорт түрі бойынша 1381 спортшы қатысты.

Сондай-ақ, шараның жабылу салтанатында ҚР Ұлттық спорт түрлерінен VII фестивалінің жалауы Шымкент қаласына табысталды.