iKOMEK109 байланыс орталығына жыл басынан бері 1,5 млн қоңырау түсті

iKOMEK109 байланыс орталығына жыл басынан бері 1,5 млн қоңырау түсті

iKOMEK мониторинг және жедел әрекет ету орталығына 2023 жылдың басынан бері 1,5 миллион өтініш келіп түсті. Бүгін елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте орталық басшысы Асқар Таксимов орталықтың жұмысы туралы айтты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Орталықта бірнеше департамент жұмыс істейді.

Тіршілікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірыңғай байланыс орталығының басты мақсаты – тұрғындар мәселелерінің 90%-ға дейінгісін қашықтан жедел шешу. Тұрғындарға барынша жайлы болуы үшін көпарналы өтініш беру мүмкіндігі жасалды, яғни өтініш беруші өтініш берудің түрлі тәсілдерін пайдаланып, олардың орындалу дәрежесін қадағалай алады. Бүгінгі таңда iKOMEK109 бірыңғай байланыс орталығына өтініш берудің 9 тәсілі бар.

iKOMEK орталығы құрылған сәттен бастап 1 800-ден астам сұрақ бойынша қызмет көрсету функциялары кеңейтілді, коммуналдық кәсіпорындардың, медициналық ұйымдар мен әкімдік басқармаларының барлық байланыс орталықтары біріктірілді және қала тұрғындарымен байланысатын бірыңғай торап болып саналады.

iKOMEK орталығы тарапынан 2023 жылдың басынан бері 1,5 млн-ға жуық өтініш қабылданды.

Күнделікті орталыққа 7 000-нан 29 000-ға дейін өтініш келіп түседі. Өтініштердің орындалу пайызы 99% құрайды. Күнделікті коммуналдық кәсіпорындар мен әкімдік басқармаларының атқаруында 6 000-ға жуық өтініш болады.

iKOMEK жағдаяттық мониторинг орталығына балабақшалар, мектептер, емханалар және басқа да әлеуметтік нысандарды қоса алғанда, қала бойынша орналасқан 10 000-ға жуық бейнебақылау камерасы орналастырылған. Негізінен, камералар сауда орталықтары, мешіттер, үлкен аялдамалар, вокзал сияқты адам көп жиналатын жерлерді қамтиды.

«Операторлар тарапынан қалалық бейнебақылау жүйесі арқылы маусымына қарай қардың уақытылы жиналмауы, су тасқыны мен жаңбыр кезінде су басу фактілері, ашық құдықтар және ТКШ саласындағы басқа да оқиғалар анықталды. Барлық анықталған мәселелер қалалық коммуналдық қызметтер тарапынан жедел пысықталды. Қауіпсіздікті тиімді үйлестіру мен орталықтандырылған мониторингілеуді қамтамасыз ету үшін «iKOMEK» орталығының өзінде қалалық полиция департаментінің қызметкерлері отырады, олармен бірлесіп 2023 жылдың басынан бері 12 795 құқық бұзушылық анықталды.
Нәтижесінде, әкімшілік құқықбұзушылықтардың толтырылған хаттамалары бойынша бюджетке 37 087 500 теңге айыппұл аударылды. 2023 жылдың басынан бері 14 қылмыстың ашылуына ықпал етілді», - деді Орталық басшысы.

2019 жылы елорда әкімдігі «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында тұрғындардың коммуналдық қызметтерге қатысты өтініштерін қарастыратын «iQala» қалалық орталығын іске қосты. Алайда аталмыш орталық 2022 жылдың желтоқсанында өз жұмысын тоқтатты және қазіргі таңда iKomek109 қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы аясында Қала қызметтері департаменті ретінде жұмыс істеп жатыр. Міндеттері мен функционалы бұрынғыша, тұрғындар бұрынғыша коммуналдық қызметтерге қатысты өтініштерді тіркеу және консультация алу үшін жүгіне алады.

«Мемлекет басшысының мемлекеттік органдардың қызметінде бюрократияны жою және жобалық басқару құралдарын пайдалану жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында «iKOMEK» орталығы аясында Астана қаласы әкімдігінің Жоба кеңсесі жұмыс істейді.
Жоба кеңсесінің негізгі мақсаты – жобалық басқарудың әдістері мен құралдарын пайдалана отырып, қаланы дамыту бағдарламасы шеңберінде жобалық қызметтің барлық қатысушыларының тиімді өзара іс-қимылын және үйлестіруін қамтамасыз ету.

Бүгінгі таңда жобалық кеңсенің негізгі міндеттерінің бірі – жобаларды басқару процесін оңтайландыру және іске асырылып жатқан жобаларды цифрландыру.
Осы міндет шеңберінде «Астана қаласы әкімдігінің жобалық кеңсесі» платформасында қазіргі уақытта әкімдіктің құрылымдық бөлімшелері іске асыратын 189 бюджеттік инвестициялық жоба цифрландырылды. Бұл жұмыс іске асыру кезеңдерін, негізгі жұмыстарды, орындалу мерзімдерін және жобалардың бюджетін бақылауға мүмкіндік береді», - деді спикер.

Жобаларды цифрландырудың артықшылықтары төмендегідей:

1) Деректерді орталықтандырылған сақтау, яғни жобалар туралы ақпаратты жинау мен сақтауға арналған бірыңғай платформа.
2) Жобалар прогресін мониторингілеу әрбір жобаның ағымдағы күйін қадағалап, ықтималды кідірістерге немесе түйткілдерге уақытылы ден қоюға мүмкіндік береді.
3) Жоспарлау мен үйлестіруді жақсарту: деректерді жүйелі талдау ресурстардың бөлінуін анағұрлым дәл жоспарлауға, сонымен қатар әртүрлі құрылымдық бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды оңтайландыруға мүмкіндік береді.
4) Ашықтық және есеп беру: Бірыңғай жобалар платформасын пайдаланудың арқасында жобалардың ахуалы, олардың шығындары мен нәтижелілігі туралы нақты әрі уақытылы есептер алу мүмкіндігі пайда болады.

Жалпы алғанда, жобаларды цифрландыру жобалық қызмет қатысушылары жұмысының ашықтығын арттырады, әрбір жоба аясындағы прогресс пен жетістіктерді дәл бағалауға көмектеседі, қажет ақпаратқа қол жеткізуді оңайлатады, сонымен қатар әкімдік жобаларын іске асыруда максималды тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді.