Елордада жас кәсіпкер жеңілдетілген несие арқылы жиһаз жасау цехын ашты

Елордада жас кәсіпкер жеңілдетілген несие арқылы жиһаз жасау цехын ашты

Елордалық жас кәсіпкер Әлібек Қаныбек мемлекеттің қолдауының арқасында кәсіп ашып 10-нан астам адамды жұмыспен қамтып отыр, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ол Мемлкеттің жас кәсіпкерлерге бизнес бастау үшін жеңілдетілген несие беретіндігін әлеуметтік желіден білгенін айтады. 

«Осы жылдың басынан бастап жиһаз цехын ашу туралы ойластырып жүргенбіз. Артынан осындай жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие берілетіндігін естіп, «Агрокредит» корпорациясының кеңесіне жүгіндік. Содан кейін Астана қалалық әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қажетті құжаттарды өткіздік. Көп ұзамай сәуір айында 5 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткіздік. Соның арқасында жиһаз шығаруға қажетті станоктарды сатып алып, екі ай бұрын кәсібімізді бастап кеттік. Біз үшін бұл үлкен қолдау болды», – дейді жас кәсіпкер Ә.Қаныбек.

Ол бұл күнде 12 адамды жұмыспен қамтып отыр. Айтуынша жұмысшыларына 250-300 мың теңге көлемінде жалақы төлеп отыр екен.

Бүгін Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев пен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жүсіпов оның жиһаз цехына арнайы барып жұмысымен танысты.

Жас кәсіпкердің қазірге дейін жасаған өнімдерімен танысқан кала әкімінің орынбасары жиһаздың сапасы мен сатып алу бағасы қолжетімді болуына назар аударды. Ол алдағы уақытта да қала әкімдігі мен мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлер үшін қолдау бола беретіндігін айтып өтті. 

«Президенттің тікелей тапсырмасымен қолға алынған  аталған көмек аясында 2,5 пайыздық жеңілдікпен беріліп жатқан бұл несиелер бес жыл мерзімге  ұсынылады. Бүгін біз көріп отырған шағын цехтың иесі  Әлібек Қаныбек те сол бағдарламаның игілігін көргендердің бірі. Осы күнге дейін 200-ден аса  астаналық жас кәсіпкер осындай көмекті алып үлгерді. Осы жылдың аяғына дейін барлығы 500 жас кәсіпкерді қамтимыз деп отырмыз», – дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жүсіпов.

Оның айтуынша мұндай жеңілдетілген несиені шекті жас мөлшері сәйкес келетін кез-келген жас кәсіпкер пайдалана алады. Тек негізгі екі шарты бар. Оның біріншісі кәсіп ашқанына бес жылдан аспаған болуы керек, екіншісі несиені рәсімдеу үшін жылжымайтын мүлікті кепілге қою қажет болады.

Басқарма өкілінің айтуынша,  кәсіпкер үшін аталған несиені төмен пайызбен 5 жылға беріп қана қоймай, алғашқы 20 айға дейін төлем мерзіміне үзліс жасауға да болады. Бұл кәсіпкер үшін жұмысын жолға қойып алғанша қарастырылған көмек.