Пара дзюдодан IBSA ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері елге оралды

Пара дзюдодан IBSA ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері елге оралды

Астана қаласының пара дзюдошылары мінген ұшақ Н.Назарбаев әуежайына келіп қонды. Халықаралық әуежайға келген рейсті спортшылардың жанкүйерлері мен жақындары және қалалық спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев күтіп алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Айта кетейік, жуырда ғана Ұлыбританияның Бирмингем қаласында көру қабілеті зақымданған және мүлдем көрмейтін пара спортшылар арасында әлем ойындары өткен болады. Айтулы додада елордалық пара дзюдошылар жарыстың алғашқы күнінде топ жарып, жеңіс тұғырына көтерілген еді.

«Демалыс күнге қарамай, шынайы көңілмен қарсы алған спорт басқармасының басшылығына, мектеп ұжымына,
жанкүйерлерімізге алғыс білдіремін. Сондай-ақ уақыттың айырмашылығына қарамай, тікелей эфирді көріп, бізді қолдағандарыңыз үшін шын жүректен алғыс білдіремін. Көптеген жылы лебіздер, жүрек жарды тілектер айтылды. Өте қуаныштымыз», – деді екі дүркін әлем чемпионы Ақмарал Науатбек.

Бұған дейін хабарлағандай, биыл алтыншы мәрте өткізілген әлемдік ойындарына 43 елден келген спортшылар футбол, голбол, пара дзюдо, пара пауэрлифтинг, шоудаун, крикет, шахмат сынды спорт түрлерінен бақтарын сынады.

Жалпы Қазақстан құрамасының спортшылары тек пара дзюдо мен пара пауэрлифтингтен қатысты.
Бұл қатарда Қазақстан құрама атынан шыққан Астана қаласының пара дзюдошылары жарыстың алғашқы күні жеңіс тұғырынан көрінді.

Атап айтсақ, 48 кг салмақта, J2 санатында өнер көрсеткен жерлесіміз Ақмарал Науатбек финалдық белдесуде украиналық спортшы Юлия Ивантскаяны ұстау әдісімен жеңіп, чемпион атанды.

Жарыстың күміс жүлдесін J1 санатында, 73 кг салмақта сынға түскен Астана қаласының спортшысы Ерғали Шамей иеленді.
Ерғали финалда румындық спортшы Флорин Болагамен кездесіп, қосымша уақытта қарсыласына 3 шидомен есе жібеірді.

Биыл IBSA Әлем ойындарының нәтижесі әлем чемпионатына теңестірілді.
Осыған орай, Ақмарал Науатбек әлем біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы болып саналады. Сонымен қатар, әлем ойындарында пара дзюдодан ерлер құрамасы командалық есепте 1-орынды иеленіп, әлем чемпионы атанды.