
Астанада ҚР Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің құрылғанына 25 жыл және Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай, 2012-2013 жылы туған жасөспірімдер арасында футболдан турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жарыстың салтанатты рәсіміне Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, қалалық спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, Астана футбол федерациясының президенті Давид Лория, ҚР Қарулы іс-әрекеттеріне және бітімгершілік операцияларына қатысқан ардагер одағының төрағасы Қайсар Зейдалиев, «Қазақстан авиация индустрия» департаментінің басшысы Көпен Әлімжанов қатысып, жас өрендерге сәттілік тіледі.
«Үлкен спорттағы үлкен жеңістердің баспалдағы бүгіннен басталады. Біраз жыл бұрын футболмен айналысатын балаларымыздың саны аз болса, қазір танымалдыққа ие. Себебі футбол ойнауға жағдай аула, мектеп, спорт үйірмелерінде басымдық берілді. Осы ерекше күні саланың барлық қызметкерін құттықтай отырып, өз ісінің мамандарына баға жетпес үлес қосқаны үшін алғыс айтамын.
Сондай-ақ Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл. Отан үшін жанын пида етіп, азаматтық борышын абыроймен өтеген қандастарымыздың есімі тарихта алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз. Бұл күн – көңілде сызы, жүректе ізі қалған ауыр да азапты күн болып қала бермек.
Батырларға деген сый-құрмет ешқашан жоғалмайды», - деді қала әкімінің орынбасары Есет Байкен.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы доданың басты ерекшелігі – қалалық деңгейден республикалық дәрежеге көтерілді әрі қатысушылар саны да артты.
Айта кетейік, республикалық деңгейдегі футбол жеңімпаздары 29 тамыз күні анықталады.