Астаналық жасөспірімдер футболдан Қазақстан чемпионы атанды

Астаналық жасөспірімдер футболдан Қазақстан чемпионы атанды

Астанада 12 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері арасындағы Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Еліміздің 12 өңірінен жеткіншек футболшылар қатысқан жарыста «Астана қаласының №8 Балалар мен жасөспірімдердің мамандырылған олимпиадалық резерв мектебі» командасы жеңімпаз атанды.

«Жас батыр» стадионында өткен жарыстың іріктеу ойындарынан кейін Астана қаласының, Жамбыл және Қостанай облысының командалары чемпионат жүлделерін сарапқа салды. Бұл сында Астана қаласының «№8 БЖМОРСМ» командасы (жаттықтырушылары Ернар Тілеуқұлов, Жамбыл Молдашбаев) ұпай санымен қарсыластарынан басым түсіп ел чемпионы атағын жеңіп алды. Күміс жүлдеге Жамбыл облыстық БЖМСМ тәрбиеленушілері ие болса, үздік үштікті Қостанай облысының жасөспірімдері түйіндеді.

Чемпионат жеңімпаздарын Астана қаласы мәслихатының депутаты, қалалық футбол федерациясының президенті, Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы қақпашысы Давид Лория құттықтап, үздік ойыншыларға арнайы жүлделерді тапсырды.

Ал жарыстың үздік ойыншылары болып мына футболшылар танылды:

«Үздік қақпашы» – Әлімжан Камалиев (Жамбыл облысы);
«Үздік қорғаушы» – Арнұр Мұрат (Астана);
«Үздік жартылай қорғаушы» – Нұрай Әділхан (Жамбыл облысы);
«Үздік шабуылшы» – Эльдар Жармағанбетов (Қостанай облысы);
«Үздік сұрмерген» – Әділбек Атабай (Астана);
«Үздік ойыншы» – Сүлеймен Халмұрат (Жамбыл облысы).