
Ұлыбританияның Бирмингем қаласында IBSA бүкіләлемдік ойындары өтіп жатыр. Байрақты бәсекеде әлемнің 43 елі қатысуда. Олардың 250-і – пара дзюдошылар, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Осыған дейін хабарлағандай, биыл алтыншы мәрте өтіп жатқан әлемдік ойында спортшылар футбол, голбол, пара дзюдо, пара пауэрлифтинг, шоудаун, крикет, шахмат сынды спорт түрлерінен сынға түсіп жатыр.
Қазақстан құрамасының спортшылары тек пара дзюдо мен пара пауэрлифтингтен сынға түседі. Бұл қатарда Қазақстан құрама атынан шығатын Астана қаласының пара дзюдошылары жарыстың алғашқы күні жеңіс тұғырынан көрінді.
Атап айтсақ, 48 кг салмақ бойынша J2 санатында өнер көрсеткен жерлесіміз Ақмарал Науатбек финалдық белдесуде украиналық спортшы Юлия Ивантскаяны ұстау әдісімен жеңіп, чемпион атанды.
Жарыстың күміс жүлдесін J1 санаты бойынша 73 кг салмақта сынға түскен Астана қаласының спортшысы Ерғали Шамей иеленді. Ерғали финалда румын спортшысы Флорин Болагамен кездесіп, қосымша уақытта қарсыласына 3 шидомен есе жіберді.
J1 санатындағы тағы бір жерлесіміз Бауыржан Арыстанбеков (90 кг) қола жүлдеге таласатын болады.
«Бұл сайыс көру қабілеті бұзылған спортшылар арасында Паралимпиада ойындарынан кейінгі ең үлкен жарыс болып саналады. Биылғы IBSA әлем ойындарының нәтижесі әлем чемпионатына теңестірілді. Енді Ақмарал Науатбек әлем біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы болып саналады», - дейді БЖСМ, мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің басшысы Азамат Тагаев.
Дода Ұлыбританияның Бирмингем қаласында 27 тамызға дейін жалғасады.