Астанада Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу қалай өтіп жатыр

Астанада Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу қалай өтіп жатыр

Елордада Президенттік жастар кадрлық резервіне кандидаттарды үшінші іріктеу басталады, ол алты кезең бойынша өтеді. Бұл туралы коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іріктеу қорытындысы бойынша 2019 жылы елордада резервке 300 адам, 2021 жылы 50 адам қабылданды. 350 адамның 264-і немесе 75%-ы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмысқа орналастырылған.

Олардың ішінде:

✓ Орталық мемлекеттік органдарда 128 адам;
✓ 38 жергілікті атқарушы органдарда;
✓ 57 ұлттық компанияларда;
✓ 41 басқа ұйымдарда.

Олардың қатарында 31 резервші саяси лауазымдарға, 6 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, бір резервист Парламент Мәжілісі және 2 резервист мәслихат депутаты болып қызмет атқаруда.

«Бұл іріктеудің ерекшелігі мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып, мынадай бағыттар бойынша нысаналы іріктеу жүргізу болады: инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты; агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау; сыртқы саясат және инвестициялар; экономикалық және қаржылық саясат; цифрландыру; әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам.

Резервшілермен әңгімелесу салалық мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өтеді», - деді спикер.

Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптарға мыналар жатады:

- ҚР азаматтылығы бар;
- жасы 35-тен аспаған;
- жоғары білімді;
- 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі және мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген болуы қажет.

Іріктеуге Президент тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған адамдар қатыса алмайды.

Іріктеу алты кезең бойынша өтеді және осы жылдың қыркүйегінен желтоқсанына дейін өткізіледі.

Бірінші кезеңде құжаттарды қабылдау жүргізіледі (1 қыркүйектен 30 қыркүйекке дейін). Ол pkrezerv.gov.kz резерв сайтында онлайн режимде өткізіледі.

Іріктеу объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылады. Яғни бағалаушылар үшін үміткердің кім екендігі беймәлім болады.

Кандидат қойылатын талаптарға сәйкес келген жағдайда іріктеу кезеңдеріне жіберіледі.

Екінші кезең аясында мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау жүргізіледі (1, 7 қазан).

Бұл кезең үміткерлердің күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға бағытталған екі бөлек тестілеу блогынан тұрады.

Әрбір тестілеудің ұзақтығы – 25 минуттан аспайды (мәтіндік және сандық тесттер бойынша 25 сұрақтан), оның нәтижесі үміткердің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Өз кезегінде, тестілеу процесі аудио-бейне фиксациямен өтеді. Өз бетінше өту шартының сақталуын қамтамасыз ету прокторинг жүйесімен қадағаланатын болады.

Үшінші – ситуациялық тапсырмаларды шешу кезеңі (10-13 қазан) үміткерлердің таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасын бағалауға бағытталған.

Аталған кезең онлайн-режимде аудио-бейне жазбамен сүйемелденіп, эссе жазу форматында жүргізіледі.

Орындалған тапсырманың шешімі қызметтің тиісті бағыттары бойынша бір уақытта үш салалық сарапшымен бағаланады.

Сарапшылар пулы академиялық орта мен бизнес қауымдастық өкілдерін, мемлекеттік қызметшілерді қамтиды.

Төртінші кезең – құзыреттерді бағалау кезеңі (19 қазаннан 29 қарашаға дейін өткізіледі).

Кезең ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбаттан тұрады.

Ассессмент-орталық (Бағалау орталығы) Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді. Ол мінез-құлық индикаторлары арқылы кандидаттардың бойындағы белгіленген құзыреттерді (көшбасшылық, талдау және мәселелерді шешу, қызметті басқару, проактивтілік) анықтауға және бағалауға бағытталған.

Кандидаттардың мінезін бағалау топтық және жеке тапсырмалардан тұрады. Жалпы құзыреттерді бағалауға кемінде 15 сертификатталған бағалаушы және 5 супервизор тартылатын болады.

Құзыреттер бойынша сұхбат блогы кәсіби HR-менеджерлерін тарта отырып, онлайн форматтағы жеке терең сұхбат түрінде өткізіледі. Сұхбат кандидаттардың ішкі уәждемесін және құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтауға бағытталады. Әрі қарай сараптама комиссиясында кандидаттармен әңгімелесу кезеңі өткізіледі.

Осы кезеңде ассессмент-орталықтың сарапшысы комиссия мүшелеріне қатысушылардың дербес нәтижелерін ұсынады және олар бойынша түсініктемелер береді.

Комиссия құрамына мемлекеттік органдардың басшылары тартылатын болады.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын қатысушылардың тізімі жасалады. Бұл соңғы алтыншы кезең.

Олардың нәтижелері бойынша Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 кандидат қабылданады. Ол осы жылдың 25 желтоқсанына дейін өткізіледі деп жоспарланып отыр. Ережелерге сәйкес:

- Резервте болу мерзімі – 3 жыл.

- Резервке алынған адамдар заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік саяси лауазымдарға, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, «Б» корпусының басшы лауазымдарына және «Б» корпусының А санатындағы лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.