«Ұлы дала жорығы»: Астанада жобаның екінші маусымы басталады

«Ұлы дала жорығы»: Астанада жобаның екінші маусымы басталады

Қазақстанда Астана-Түркістан бағыты бойынша «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің екінші маусымы өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жоба 6 қыркүйек күні сағат 14.00-де Қаражар (Ильинка) ауылында бастау алады. Осы шара қарсаңында, яғни 5 қыркүйек күні елордадағы «Қазанат» ипподромында 18.00-де республикалық ұлттық спорт түрлерінің фестивалі аясында Жорықтың салтанатты тұсаукесері өтеді.

1300 шақырым болатын маршрут Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстарын басып өтіп, 19 қыркүйекте Түркістан қаласында өз мәресіне жетеді.

Марафон 14 бөлікке (бірінші және соңғы күні 50 шақырымнан; қалған күндері 100 шақырымнан) бөлінген.

Жобаның жүлде қоры – 65 млн теңге (демеушілердің есебінен). Жеңімпаз команда – 30 млн теңге, екінші орын иегерлері – 20 млн теңге, қола жүлдегерлер – 15 млн теңге алады.

Марафон жұмысына 2 халықаралық, 2 қазақстандық судья және 2 халықаралық, 3 қазақстандық ветеринар шақырылды.

«Ұлы дала жорығы» жобасын республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің, AMANAT партиясының, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен жүзеге асырады.

Жобаның басты серіктесі – Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры.

Ақпараттық серіктес – «Қазақстан» РТРК.

Толығырақ ақпаратпен www.joryq.kz сайтынан танысуға болады.