
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері және олардың жұбайлары үшін жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі басталды. Қазіргі уақытта елордада активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны 120 681 адам беруі қажет. Бұл туралы Астананың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елордалық Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қанат Балтабеков айтып берді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
120 681 жеке тұлғаның 95 538-і немесе 79,2%-ы декларация тапсырды.
"Жалпыға бірдей декларациялаудың басты мақсаты көлеңкелі экономиканы қысқартуды қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру болып саналады.
Салық кодексіне сәйкес Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілді және 4 кезеңде өтіп жатыр", - деп еске салды спикер.
Мәселен, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар үшін жалпыға бірдей декларациялауды енгізудің бірінші кезеңі басталды.
2023 жылдан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері және олардың жұбайлары декларация тапсыра бастады, онда 2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша деректер көрсетіледі.
2024 жылдан бастап – заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары.
2025 жылдан бастап – азаматтардың қалған санаттары, яғни елдің барлық ересек тұрғындары.
Декларациялауға Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі шетелдік банктердегі жылжымайтын мүлік, көлік құралдары, банктік шоттардағы ақша, барлық банктік салымдар бойынша АЕК мөлшерінен 1000 есе асатын сомада, зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері және т.б. жатады.
"Декларацияны "салық төлеушінің кабинеті" арқылы электронды түрде (cabinet.salyk.kz), "электрондық үкімет" порталы (egov.kz), сондай-ақ esalyq azamat мобильді қосымшасы арқылы 15 қыркүйекке дейін беруге болады. Ал қағаз жүзінде ұсыну мерзімі - 15 шілдеге дейін", - деді Қанат Балтабеков.
ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 272-бабының 1-тармағына сәйкес активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны белгіленген мерзімде ұсынбау ескертуге әкеп соғады. Бұл ретте, егер бұзушылық өндіріп алынғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалса, 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Жалпыға бірдей декларациялау бойынша сұрақтар туындаған жағдайда жеке тұлғалар 1414 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығынан кеңес ала алады.