
Астана қаласында спортшылардың кәсіби мерекесіне орай пара спортшыларды марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Спорт күні кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, пара жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сиязбек Далиев қатысты.
«Құрметті спортшылар, бапкерлер, спорт саласына сүбелі үлес қосып жүрген жанашырлар! Сіздердің арқаларыңызда әлемнің өзге елдерінде көк туымыз желбіреп, әнұранымыз шырқалып жатыр.
Еліміздің түкпір-түкпірінде спортты дамыту бойынша жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда Астана қаласы тұрғындарының 37 пайызы дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысады. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсе түсуде. Ал кәсіби түрде 18 мыңнан астам спортшы (2 мың ересек, 16 мың жасөспірім) шұғылданады.
Пара спортымыз да соңғы жылдары жақсы дамып келеді. Мысалы, Токио Олимпиадасында спортшыларымыз 8 қола алса, пара спортшыларымыз Паралимпиадада бірнеше мәрте әнұрамызды шырқатты. Сондықтан осы бағытта жұмысымызды жандандыруымыз керек», - деп Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен өз ойын жеткізді.
Ол өз сөзінде Астана қаласында спортпен айналысуға мүмкіндік беретін 1000-нан аса спорт объектісі бар екенін, сол сияқты 35 спорт сарайында бір емес, бірнеше спорт түрімен айналысуға болатынын мәлім етті.
Алдағы уақытта елордада ДЦП диагнозы бар балалар үшін «Қазақстан» спорт кешенінде арнайы бассейн іске қосылады.«Қазанат» ипподромында мүгедек адамдар үшін иппотерапия алуға мүмкіндік беріледі.
Іс-шара аясында Астана қаласының Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің басшысы Азамат Тағаев мектептің бірінші жартыжылдық есебімен таныстырды.
Сондай-ақ, спорт жаттықтырушылары Геннадий Герасименко (пара үстел теннисі), Алия Түсіпбекова (арбамен билеу), Ербол Симамбаев (пара таэквондо), Мейрамгүл Дүкева (пара каратэ), Бақытжан Жұмабаев (пара жүзу), Денис Рыбка (пара пауэрлифтинг), Медеу Абенов (пара волейбол), Бек Молдахметов (еркін күрес), Сандуғаш Болысбай (тоғызқұмалақ), Ұлан Әнуар (пауэрлифтинг), Тәжібай Таймамбетов (сурдо футбол), Ирина Щетинина (жеңіл атлетика), Тойжан Алшинова (пара каратэ), Қалысбек Шалыспаев (сурдо үстел теннисі), Руслан Ахметов (сурдо футбол), Ләззат Жүсіпова (пара каратэ), Михаил Бурчалин (оқпен ату), Рамазан Тауба (сурдо дзюдо), Ахмет Айнабеков (грек-рим күресі), Заир Ахмедов (қол күрес), Ернар Мырзағалиев (сурдо жүзу) марапатталды.
Одан бөлек, VI Паралимпиада ойындарының 28 жүлдегері де (1-орын — 12, 2-орын — 12, 3-орын — 4) сый-құрметтен құр қалмады.
«Пара үстел теннисімен 8 жылдан бері кәсіби түрде айналысамын. Өзіме ұнайды әрі өзге спорттан қарағанда жарақат алу қаупі төмен.
Паралимпиадаға кіретін спорт түрлерінен пара үстел теннисі соңғы 2-3 жылда жақсы дамып келеді. Елімізде шамамен пара үстел теннисімен 200-ге жуық спортшы айналысады. Саны бойынша біз тек пара жеңіл атлетикаға ғана жол береміз.
Пара үстел теннисі еліміздің барлық дерлік облысында дамыған. Ең мықты өңір ретінде Атырау, Астана қалаларын айтар едім.
Күз мезгілінде Қытайда өтетін лицензиялық Пара Азия ойындарына қатысамыз.
Жалпы, әлемде ең мықты ұжымдар Азия құрлығында жиналған. Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония сынды мемлекеттерде пара үстел теннисі 20-30 жылдан бері жүйелі түрде жолға қойылған.
Әзірге үздіктермен ойнау арқылы тәжірибе жинаймыз» — деп пара үстел теннистен ұлттық құрама мүшесі Александра Степанова өз пікірін білдірді.