
Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы елорданың жас отбасыларына отбасылық құндылықтарды насихаттау және балаларды тәрбиелеу бойынша семинар-тренингтер өткізеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Семинар-тренингтер жыл сайынғы «Отбасы – бақыт мекені» жобасы аясында өткізіледі. Елордалық жас отбасылардан 100-ден астам өтінім келіп түсті.
«Біздің басты мақсатымыз – отбасылық құндылықтарды қалыптастыру.
Қатысушылармен бірге білікті мамандар мен психологтар жұмыс істейді. Кездесулерде отбасылық қатынастарды нығайту, ата-ана атану және бала тәрбиесі сияқты тақырыптар көтеріледі. Биыл барлығы 4 семинар-тренинг жоспарланып отыр», – деді Астана қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысы Ажар Сарғыбенова.
Сондай-ақ жас отбасылар «Көңілді старт» спорттық эстафеталарына, интерактивті ойындар мен интеллектуалды турнирлерге, әлеуметтік желілердегі фото және видео байқауларға қатыса алады.
«Сол сияқты мәдениет, ұлттық дәстүрлер мен адамгершілік құндылықтар негізінде неке және отбасы институтын нығайтуға бағытталған «Үздік жас отбасы» конкурсы өткізіледі», – деп атап өтті басқарма басшысы.
«Отбасы – бақыт мекені» жобасының жеңімпаздары мен белсенді қатысушыларына бағалы сыйлықтар беріледі.