Елордада кәсіби жүзушілер мен ескекшілердің дайындығы қалай өтеді

Елордада кәсіби жүзушілер мен ескекшілердің дайындығы қалай өтеді

Астанада бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі уақытта елордалық №4 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде бес олимпиадалық спорт түрі бойынша дайындық жүргізіледі. Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мектеп басшысы Нұрбол Жарқынбеков жас спортшыларды даярлау жұмысы қалай жүргізіліп жатқанын және мекеменің тәрбиеленушісі болу жолдары туралы айтты, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Астана қаласы әкімдігінің «№ 4 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-де 5 олимпиадалық спорт түрі:
жүзу, суға секіру, академиялық есу, байдарка мен каноэде есу, синхронды жүзу бойынша дайындық жүргізіледі.

Әр спорт түріне қатысу жасы әр түрлі:

- жүзу: ұлдар мен қыздар – 7-9 жас;
- суға секіру: ұлдар мен қыздар – 7-9 жас;
- байдарка мен каноэде есу:
ұлдар мен қыздар – 10-12 жас;
- ескек есу: ұлдар мен қыздар – 10-12 жас.

- синхронды жүзу: ұлдар мен қыздар – 7-9 жас.

Спорт мектебіне түсу үшін өтініш беру кезінде мынадай құжаттарды ұсыну қажет:

- ата-аналардың немесе заңды өкілдердің еркін нысандағы өтініші;
- түсушінің жеке сәйкестендіру нөмірі бар туу туралы куәлігінің көшірмесі;
- ата-анасының немесе заңды өкілінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
- 027/Е нысаны бойынша таңдалған спорт түрін көрсете отырып, учаскелік дәрігер берген медициналық анықтама.

Спорт мекемесінде оқытудың алғашқы кезеңінде бастапқы дайындық 1-3 жылға созылады. Екінші кезеңде оқу-жаттығу процесі, оқу кезеңі 4-5 жылды қамтиды.
Топтар бастапқы даярлық курсын сәтті меңгерген оқушылар қатарынан жасақталады.

3 кезең – спорттық жетілдіру, оқу кезеңі – 3-4 жыл, топтар оқу-жаттығу топтарында дайындық кезеңінен өткен және бақылау нормативтерін орындаған оқушылар қатарынан жасақталады;
4 кезең – жоғары спорттық жетілдіру, оқу кезеңі 3 және одан да көп жыл, топтар спорттық жетілдіру кезеңінен өткен оқушылар қатарынан жасақталады.

«Мектептің жаттықтырушы-оқытушы құрамында 23 жаттықтырушы бар, оның ішінде: 1 жаттықтырушы ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағына ие; біліктілігі жоғары деңгейдегі, жоғары санатты 10 жаттықтырушы; бірінші санатты 4жаттықтырушы; біліктілігі жоғары деңгейдегі екінші санатты 5 жаттықтырушы; халықаралық дәрежедегі 6спорт шебері; 9 ҚР спорт шебері. Барлық жаттықтырушылардың жоғары дене шынықтыру білімі бар", - деді мектеп директоры.

Мектеп бір халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 32 ҚР спорт шеберін, 45 спорт шеберіне үміткерді дайындады.

«Мектеп спортшылары 2022 жылы өткізілген спорттық-бұқаралық іс-шаралардың қорытындысы бойынша республикалық және халықаралық деңгейдегі 40-тан астам жарысқа қатысып, 688 медаль жеңіп алды.
Мектептің 2023 жылға арналған спорттық күнтізбелік жоспары бойынша халықаралық, республикалық және қалалық іс-шараларды қоса алғанда, 30 спорттық іс-шара жоспарланған. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында мектеп тәрбиеленушілері түрлі деңгейдегі 30 спорттық іс-шараға қатысып, 276 алтын, 252 күміс, 241 қола медаль жеңіп алды», - деп атап өтті Нұрбол Жарқынбеков.

2023 жылдың екінші жартыжылдығында спортшылар ескек есу спортынан 20-25 қыркүйек күндері Қытайда, ал 12-15 қазан аралығында Өзбекстанда өтетін Азия ойындарына қатысады.

Осы жылдың 4-9 қыркүйек аралығында Израильдің Нетания қаласында жүзуден жастар арасындағы әлем чемпионаты өтеді.

Сонымен қатар, жүзу мектебінің спортшылары Қазақстан құрама командасының құрамында 27 қыркүйектен 10 қазанға дейін Қытайдағы Азия ойындарына, 2-9 желтоқсан аралығында Филиппин Республикасындағы жас топтары арасындағы Азия чемпионатына қатысады.