
Астана қаласында емізу апталығы өз мәресіне жетті. Іс-шара Астана қаласының 44 емханасында бір апта бойы өткізілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының және оған бағынысты мекемелердің әлеуметтік желілердегі парақшаларында бір апта бойы ана сүтінің маңыздылығы жайында материалдар салынып тұрды. Емханалардағы теледидарларда тақырыпқа қатысты видеолар көрсетілді.
Сондай-ақ «Ашық есік күндері», аналарға арналған шеберлік-сыныптары өткізіліп, лекциялар оқылды. Олар: «10 қадам. Балаға деген достық жол» акциясы, «Ана сүтімен тамақтандыру – бұл жай сүттен артық!» семинары, «Ана сүтімен тамақтандырудың артықшылығы», «Жас нәрестелерді ана сүтімен тамақтандыру» тақырыптарында дәрістер оқылды, «Ана сүтімен тамақтандыру туралы не білесіз?» тақырыбында халық арасында сауалнама өткізілді. Сонымен қатар «Отбасында сәбиге күтім жасау», «Дені сау сәби» ақпараттық-ағарту материалдары таратылды.
Ана сүті – бала ағзасы үшін ең пайдалы, асқазаны үшін ең қолайлы, қорытылуы жеңіл тағам. Әрі ана мен баланың бір-біріне деген эмоционалды байланысы дәл осы сәтте қалыптасады.