
Астана қаласының «Даулет» теннис орталығында арбадағы теннистен ел біріншілігі басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жарыстың мақсаты – арбадағы теннис спорт түрін елімізде дамыту, қатысушылар арасында үздік спортшыларды аңықтап, ұлттық құрама сапына іріктеу. Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған Қазақстан чемпионатына еліміздің 7 өңірінен 40-қа жуық спортшы қатысып жатыр.
Іс-шараның ашылу салтанатына Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов, Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының директоры Мейрамбек Махамбетов, Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов және «Даулет» теннис орталығының жетекшісі Дина Темірғалиева қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
«Арбадағы теннис елімізде енді дамып келе жатқан паралимпиадалық спорт түрі болып табылады. Бұл спорт түрімен елімізде 150-ге жуық спортшы айналысады. Аймақтарда арбадағы теннистен 10-ға жуық жарыс өтті, ал республикалық деңгейде бұл үшінші өткізіліп тұрған жарыс. Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғалардың спортпен айналусына, үлкен жетістіктерге жетуіне мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалуда», - деді Ербол Мырзабосынов.
Алғашқы ел чемпионаты Алматы қаласында 2022 жылы өткен болатын. Онда 6 өңірден 20 спортшы қатысты.
Айта кетсек, Астана қаласында арбадағы теннистен ел біріншілігі 30 шілдеге дейін жалғасады. Чемпионаттың жеңімпаздары ұлттық құрама сапына іріктеліп, халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады.