
Осы жылдың алты айындағы мәліметі бойынша, Астанада инфекциялық, паразиттік, карантиндік және аса қауіпті инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп бағаланады. Бұл туралы елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова онлайн-брифингте мәлім етті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
Астанада тырысқақ, іш сүзегі, ботулизм, қызамық, дифтерия, листериоз, сібір жарасы, қышыма және т.б. сияқты жұқпалы аурулардың жағдайлары тіркелмеген.
«Санитарлық қызмет тұрақты негізде жүргізетін жұқпалы аурулар бойынша профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың арқасында 8 нозология бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуіне қол жеткізілді, мысалы: сальмонеллез 42%, жіті ішек инфекциясы 5%, скарлатина 56%, бактериялық менингит 36%, серозды менингит 14%, желшешек 40%, энтеробиоз 24% және педикулез 44%», – деді Сархат Бейсенова.
Биыл төрт аурудың көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңінде сақталды. Олардың ішінде: туберкулез, эпидпаротит, В және С гепатиттері.
Алайда елордада 6 инфекция бойынша сырқаттанушылықтың өсуі байқалады: А вирустық гепатиті – 88%, менингококк инфекциясы – 84%, тұмау 20 есе, ЖРВИ – 4 есе, қызылша – 117 жағдайға және дизентерия – 6 жағдай.
«Күннің ысуымен энтеровирустық инфекцияның жиілігі артты. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда сырқаттанушылық 19%-ға өсті, 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 2022 жылғы 43,1-ге қарағанда 53,2 құрады. Бұл инфекция 0-ден 4 жасқа дейінгі балалар арасында ең сезімтал (88%). Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда коронавирустық инфекция бойынша сырқаттанушылық көрсеткіші 33,8 есе төмендеді. Қазіргі уақытта тәулігіне 5-тен 20-ға дейін жағдай тіркеліп жатыр, ауру ересектер арасында да, балалар арасында да байқалады», – деді елорданың санитарлық дәрігері.