Елордалық құтқарушылар судағы қауіпсіздік ережесін түсіндірді

Елордалық құтқарушылар судағы қауіпсіздік ережесін түсіндірді

Жаздың ыстық маусымы басталысымен жұрт су қоймаларына асығады. Жыл сайын су қоймаларында қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан адамдар қаза болады. Мұндай жағдайда қауіпсіздік ережесін қалай сақтау керектігі туралы онлайн-брифингте елордалық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Азамат Құсайынов айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Күн сайын құтқарушылар, полицейлер, еріктілер және жұмыспен қамту орталығының қоғамдық қызметкерлері тұрғындарға шомылуға рұқсат етілген орындар туралы хабардар етеді. Осы арқылы судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы шомылу кезеңін қауіпсіз өткізуді белсенді жүргізетін рейдтік іс-шаралар өткізеді.

«Рейдтік іс-шаралардың барысында Полиция департаментімен бірлесіп, 14 әкімшілік хаттама жасалды. Елордалық құтқарушылардың күшімен шомылу маусымы басталғаннан бері шомылуға рұқсат етілмеген учаскелерде 3 адам аман-есен құтқарылды, оның ішінде 1 бала бар», - деді Құсайынов.

Ол өз сөзінде ресми түрде шомылуға арналған 4 орын бар екенін айрықша атап өтті. Олар: Орталық жағажай, «Три пескаря» демалыс аймағы, «Столичный двор» және Ш.Бейсекова көпірі ауданындағы коммуналдық жағажай.

Су айдындарының рұқсат етілген және тыйым салынған учаскелерінің тізбесі «2GIS» картографиялық платформасында орналастырылған.
«Шомылу кезеңінде күнделікті 40 құтқарушы, 2 бірлік сүңгуірлік жарақтары бар сүңгуірлер, 6 бірлік жүзу құралдары және Жұмыспен қамту орталығынан 25 қоғамдық қызметкерлер рейд жұмыстарын жүргізеді», - деді спикер.

Шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау керек. Шомылудан бұрын көлеңкеде 5-10 минут күткен дұрыс. 20 минуттан артық жүзуге болмайды. Қатты салқындаған кезде дененің құрысуы пайда болуы, тыныс алудың тоқтауы, есінің жоғалуы мүмкін. Ешқашан жабдықталмаған жерлерде секірмеу керек: басыңызды тасқа немесе басқа затқа соғып алуыңыз мүмкін. Алысқа жүзбеңіз, өйткені сіз өз күшіңізді есептей алмайсыз. Шаршағаныңызды сезінсеңіз абдырап қалмаңыз және жағаға тезірек жүзуге ұмтылмаңыз. Суда кішкене демалып, арқаңызға бұрылып, қолдарыңыз бен аяқтарыңыздың жеңіл қозғалыстарымен өзіңізді судың бетінде ұстаңыз.

Егер ағыс алып кетсе, қарсы жүзуге тырыспаңыз. Ағыспен төмен қарай жүзіп, біртіндеп жағаға жақындаңыз. Егер ағыс иіріміне тап болсаңызз, терең дем алып, су ішіне кіріңізде бір жағыңызға қарай күшті серпіліс жасап, су бетіне қалқып шығыңыз. Сіз арнайы белгіленген жерлерде шомылуыңыз керек, қайықтарға жақын жүзбеуіңіз керек, терең орындарда өзара ойнамаңыз, жалған дабыл бермеңіз.