
Үркер елді мекенінде жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені салтанатты түрде ашылды. Іріктеуден өткен оқушылар мұнда түрлі спорт секцияларына қатыса алады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Мұнда 260 оқушыға мүмкіндік қарастырылған. Кешеннің ауданы 2 600 шаршы метрден асады.
Онда енді спорттық, көркем, батуттық гимнастика, қазақша күрес, киокушинкай-кан каратэ, дзюдо, кикбоксинг, пауэрлифтинг, муайтай, тоғызқұмалақ, үстел теннисі және велоспорт секциялары жұмыс істейтін болады.
«Менің ойымша, бұл кешен Үркер елді мекенінің тұрғындары үшін өте маңызды болады. Өскелең ұрпақ шұғылданатын, зейнеткерлеріміз демалатын орынға айналады. Мұнда жаттығатын балалар алдағы уақытта белгілі спортшылар болатынына сенімдімін», - деді Астана әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов ашылу барысында.
Мұнда өтінімдер 5-20 шілде аралығында қабылданады. Қажетті құжаттар тізбесі Нұра ауданы әкімдігінің ресми парақшаларында жарияланады.
«Бізде осындай кешен ашылғанына қуаныштымын. Екі балам бар, ұлым мен қызымды спорт үйірмелеріне қатыстырғым келеді. Мұның бәрі олардың денсаулығы мен болашағы үшін қажет», - дейді астаналық Гүлшан Амангелдинова.
Айта кету керек, нысан көп функциялы болады. Мұнда ХҚО филиалы мен полиция пункті ашылады, сол сияқты қарттарға арналған клуб та жұмыс істей бастайды.