«Елорда базары»: ежелгі шығыс стилінде ұйымдастырылған хан базарына 15 аймақтың өнімдері қойылды

«Елорда базары»: ежелгі шығыс стилінде ұйымдастырылған хан базарына 15 аймақтың өнімдері қойылды

Елорданың ширек ғасырлық тойы қарсаңында ЭКСПО халықаралық көрме орталығы аумағында «Елорда базары» жәрмеңкесі өтіп жатыр. Ежелгі шығыс стилінде ұйымдастырылған нағыз хан базары шілденің 5-7 аралығында келушілерге қақпасын айқара ашып тұр, деп хабарлады деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жәрмеңкеде көкөністер мен дәнді-дақылдар, жемістер мен жидектер төгіліп, ет, сүт өнімдері тізіліп тұр. Сонымен қатар бал мен шай, өзге де азық-түлік өнімдері бар. Бұған қоса қазақтың қолөнер бұйымдары көздің жауын алады. Ал тыста таза ауада отқа піскен шығыс тағамдарынан дәм татуға болады. Бұл өнімдердің барлығын 15-ке жуық облыстан келген кәсіпкерлер ұсынып отыр.

«Естеріңізде болса дәл осындай шығыс стиліндегі жәрмеңке Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған еді.

Сұранысқа сай осы үрдісті тағы жалғастырып отырмыз. Жәрмеңке туралы халықты күні бұрын әлеуметтік желілер, радио-телевидение, қоғамдық көліктердегі жарнамалар арқылы құлақтандырдық. Бұл жерге облыс-облыстан ауыл шаруашылығы, басқа да азық-түлікпен айналысатын кәсіпкерлерді ғана емес, қолөнершілерді де жинадық. Бұл – олар үшін Астана қаласының сауда нүктелеріне кіріп, сауда-саттық жасауға берілген үлкен мүмкіндік. Ал тұрғындарға осы жерден әрі арзан, әрі пайдалы өнім алу үшін жағдай жасалған», - деді Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев.

Оның айтуынша, жәрмеңкедегі тауарлар қала бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесінде әдеттегі бағадан 10-15 пайызға төмен.

Ал астаналық Алтынай Сексенбаева жәрмеңкедегі бағамен қоса азық-түліктің сапасы да көңілге қонымды екенін айтты.

«Бағалар орташа. Бәрі өнімдердің қайдан екеніне байланысты ғой. Мысалы мен химикат қосылған өнімдерді алмаймын, ал Тараздың қызанағы ұнады. Етті, дәмді. Бағасы да арзан, 350 теңге. Жүзімінің бағасы да нарық бағасынан төмен екен, 800 теңге. Жергілікті жердің тәттілерін де сатып алдым. Торт үшін 3000 теңге қымбат емес қой. Есесіне өте дәмді етіп жасалған», - деді ол.

Шығыс стиліндегі жәрмеңкеде өнерпаздар дәстүрлі ән-жырмен шашу шашып, келушілердің көңілін көтерді. Ал көпшілік батырларша киінген актерлермен суретке түсіп жатты.