
Бүгін Астананың 25 жылдығына орай «Астана – Отанымның елордасы» атты әлеуметтік тур басталды. Аталған турдың алғашқы қатысушысы болып Абай облысынан 50 бала келді, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана қаласы әкімдігі ұйымдастырған турға бүкіл республика бойынша әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардың, жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 1000 бала қатысады деп жоспарланып отыр.
«Астанаға келген балалар «Астана-Бәйтерек» монументі, «Нұр Әлем» болашақ энергиясы музейі, ҚР Тұңғыш Президентінің музейі, ҚР Ұлттық музейі, «Хан Шатыр» сауда орталығы сияқты қаланың көрнекі жерлерін аралайды. Сонымен қатар балаларға арналған ең қызықты сауықтыру орындары – Океанариум, Жунгли, Қазақстандағы ең үлкен шолу дөңгелегі, батут саябағын көрсету жоспарланып отыр», – деді Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының туризмді дамыту бөлімінің басшысы Өмірұзақ Тілеужан.
Оның айтуынша, балалар Астананы 3 күн аралайды.
Оларға қаланы көрсететін арнайы адамдар бар.
Олардың жатын жері, 3 мезгіл тамақтану мәселесі алдын ала шешілген.