Open talks: Әкелер күні елордада қалай атап өтілді

Open talks: Әкелер күні елордада қалай атап өтілді

Қазақстандықтар Әкелер күнін алғаш рет атап өтіп жатыр. Жаңа мерекеден астаналықтар да қалыс қалған жоқ. Астанада атаулы күнге орай Ботаникалық бақта «Әке – отбасының тірегі» – open talks іс-шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен елорда әкімдігінің қолдауымен өткізілді.

«Бүгін біз еліміздегі Әкелер күнін алғаш рет атап өтіп отырмыз және бұл күні әр шаңырақта жаңа дәстүр қалыптасады деген ойдамын. Әке болу дегеніміз – балаға жақсы дос, серіктес болу және отбасылық міндеттерді бөлісе атқару. Әкелер бала тәрбиесімен айналысып және оларға қамқорлық көрсете білсе, баланың жан-жақты дамуына оң әсер етіп қана қоймай, отбасын нығайтып, ерлі-зайыптылар арасындағы жауапкершіліктің біркелкі бөлінуіне ықпал ететіні белгілі», – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өз құттықтау сөзінде.

Негізгі мақсат – дәстүрлі отбасылық құндылықтарды насихаттау, «ата-ана» идеясын насихаттау, сондай-ақ ата-ана тәрбиесіндегі әкелердің рөлінің маңыздылығын көрсету.

«Әкелер күні көптеген Азия елдерінде атап өтіледі. Біз осындай мерекені өзімізде ұйымдастыруды шештік. Себебі қазақ халқында әкенің отбасындағы рөлі ежелден маңызды болған. Ер адам өзі үшін ғана емес, әйелі мен балалары үшін де жауапты. Ол отбасында негізгі тірек болып саналады. Жасыратыны жоқ бала тәрбиесімен негізінен аналар айналысады, ал біз бұған ер адамдар да белсенді қатысқанын қалаймыз», - деді «Әкелер одағы» РҚБ төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет.

Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін 10 шығармашылық алаң ұйымдастырылды: ұлттық қолөнер шеберханасы, керамика, кілем тоқу, «Аквагрим», «Лабиринт» квест-ойындары, «Бестемше», «Қызықты stem әлемі» ұлттық ойындары.

«Барлығы өте керемет! Мен мерекеге жалғыз емес, әкеммен келдім. Біз бірге садақ атуды үйрендік, армрестлингтің негіздерін білдік, қазақтың ұлттық ойындарының қыр-сырын білдік. Бүгінгі күн есте қаларлықтай өтті деп ойлаймын. Ұйымдастырушыларға рақмет», – деді Астана тұрғыны Самат Қамзин.

Іс-шараға қатысушылар жергілікті педагогтардың, шебер қолөнершілер мен суретшілердің туындыларын тамашалай алды.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Үкіметі Әкелер күнін жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде атап өту туралы қаулыға қол қойған болатын.