
Елорда әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының ұжымы әлеуметтік желілерде түрлі бейнероликтер, онлайн концерттер, қызықты сұхбаттар арқылы көрермендермен байланысын үзбей, жұмыс жасауда, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.
«Формат» тобының әншісі Гүлсім Мырзабекованың айтуынша, онлайн концерт әнші үшін өте ерекше тәжірибе.
«Әріптестерімізбен бірге көрерменге керемет кеш сыйлауға тырыстық» – дейді ол.
Тікелей эфирде, Instagram, Facebook парашаларында әртистер Жанар Жүсіпова, Майра Ильясова, Мұратбек Хайролда, Бақдаулет Джакупов, Алуа Қалымбекова лекция, концерттерін ұсынған болатын.
Сондай-ақ мәдениет басқармасының қолдауымен филармония ұйымдастыруында күн сайын онлайн концерттер өтуде. NS-Music онлайн жобасы аясында Рүстем Жүгінісов, Дос, Аргония, Маржан Арапбаева, Нұрбол Балапанов, Оралхан Алтынбеков, Медет пен Клара, "Дабыл" дуэті, Гүлмира Сарина, Айнұр Бермұхамбетовалар өз өнерлерін көрсетті.
Тыңдарман сүйікті әндерін тыңдаумен қатар, әр таңды «Alem» ансамблінің бишілерімен бірге дене жаттығуларын жасаудан бастайды. Ал Абдрасул Есекеев, Берік Батырхан, Ернар Нұртазин, Қалқаман Дүйсембаев, Лаура Мукаева секілді танымал музыканттармен онлайн сұхбаттар көрерменнің өнерге деген оң көзқарасы мен пікірін қалыптастырып, музыкалық білімін жетілдіруде.
Өз кезегінде көрермендер мен тыңдармандар алдағы уақытта да өз өнерлерімен қуантатын әртістерге алғыс білдіруде.