
VI Дүниежүзілік VIRTUS ойындарында велоспорт бойынша сынға түсіп, жүлделі екінші орыннан көрінген елордалық спортшы Дастан Ордабай елге оралды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Елордалық Дастан Ордабай велотректен 4 бірдей қашықтықта жүлдеге ілікті.
Қоржынында 4 күміс бар. Бұған қоса тағы бір жерлесіміз Әмір Алпамыс жүзу бойынша бағын сынаған болатын. Қос спортшыны Астана әуежайынан достары, туыстары және спорт саласының мамандары күтіп алды.
Осылайша командалық есепте қазақстандық велокоманда Virtus Global Games 2023 халықаралық ойындарында, II3 (аутизм) санатындағы қатысушылар арасында 2-орынға ие болды.
Айта кетейік, Францияның Виши қаласында интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар адамарға арналған VI дүниежүзілік VIRTUS ойындарының ашылу салтанаты өткен болатын. Байрақты бәсекенің ашылу салтанатына Астана қаласының спортшылары мен бапкер құрамасы қатысты.
Айтулы додада 60 елден келген 1000-нан астам спортшы 7 күн бойы спорттың 13 түрінен сынға түсті.
Бұған дейін хабарлағандай дүбірлі додада Қазақстан спорттың жүзу және трек веложарысы түрімен алғаш рет Астаналық АСБ (аутизм спектрінің бұзылуы) синдромы бар екі спортшы қатысты. Олар – II3 санатындағы Дастан Ордабай мен Әмір Алпамыс.
Енді алдағы уақытта қазақстандық спортшылар айтулы аламанға тұрақты қатыспақ. Бұған қоса, ел намысын қорғайтындардың қатарын біртіндеп арттыру да көзделіп отыр.
«Virtus Global Games 2023» интеллектуалды даму ерекшеліктері бар тұлғалар үшін өткізіледі. Бұл дүниежүзілік ойындар төрт жылда бір рет өткізіледі.
Қазіргі уақытта Virtus ұйымына 90 мемлекет кіреді.