
Қазақстан астанасында қатаң шектеу шаралары енгізілгелі бір ай болды. Азаматтар қауіпсіздігін тәртіп сақшылары мен әскерилер күзетуде. Дәрігерлер апталап өз балалары, ата-аналары, әйелдері мен күйеулерін көрмей, тәулік бойы кезекшілік атқарып, науқастардың өмірін құтқаруда.
КВИ-мен күрес жұмысын жедел штаб үйлестіріп отыр. Карантин енгізілгеніне бір ай болды. Қазақстанда КВИ жұқтырудың алғашқы оқиғасы 13 наурызда тіркелді. Нұр-Сұлтан қаласында төтенше жағдай режимі 16 наурызда жарияланды.
Мемлекет қауіпке қарсы дер кезінде әрекет ете бастады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, қатаң шектеу шаралары мен бақылау қалыптасқан жағдайдағы жалғыз дұрыс шешім.
Нұр-Сұлтан әкімдігінде дереу коронавирус инфекциясының таралуына қарсы жедел штаб құрылды.
30 наурыздан карантин режимі күшейтілді. Азаматтардың үйлерінен шығуына шектеу қойылды. Тек азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға және жұмысқа шығуға ғана рұқсат етілді. Халық көп жиналатын жерлер толықтай жабылды. Қаладағы жолдарда 30 мобильді бекет орнатылды. Карантин режимін бұзған 2 мыңға жуық қала тұрғыны жауапқа тартылды. 800-ден астам автокөлік айыппұл тұрағына жеткізілді.
Індетпен күресуде алдынғы шепте жүрген мамандарға ерекше көңіл бөлінді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және медицина қызметкерлеріне жағдай жасау мақсатында қонақүйлерде тұру, көлік және тамақтану орындары бөлінген.
Күн сайын әлеуметтік нысандар, базарлар, СОО, бекеттер және т.б. адамдар көп жиналатын жерлерге дезинфекция жүргізіледі. Зарарсыздандыру жұмысына 500-ге тарта адам қатысуда. Қалалық қызметтермен бірлесіп, дезинфекциялау жұмысына Қарулы күштердің биологиялық қорғау қызметі мен әскери жиынға шақырылған азаматтар да атсалысуда.
Сонымен қатар, емханаларда температура өлшейтіп құралдар (тепловизорлар), аурухана аумағында дезинфекциялық тоннелдер орнатылды. Осы шаралардың барлығы індет жұқтырғандарды бастапқы кезеңде анықтап, дер кезінде медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
15 сәуірден бастап карантин режимі осы айдың соңына дейін ұзартылды.