
Астанада Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 50-ден астам іс-шара өтті. Бүлдіршіндер үшін орталық саябақта мастер-кластар мен конкурс және концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. 200 мыңға жуық бала мерекелік атмосфераны сезініп, мәз-мейрам болып тарқасты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Елордадағы саябақтардан баланың күлкісі алыстан естіледі. Бүлдіршіндер түрлі шоу-бағдарламаларға куә болды. Балмұздақ тегін таратылып, танымдық ойындар ойнатылды.
«Біз балалардың мерекесін ерекше атап өту үшін бар күшімізді салдық. Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі болашағымыз. Бүгін олардың көңіл-күйі тамаша, бәрі шат-шадыман күйде. Олардың осы күннен барынша рахат алғанын қалаймыз. Өйткені, біздің балапандарымыз бұл күнді жыл сайын асыға күтеді», – дейді Қосымша білім беру және кәмелетуе толмағандарды әлеуметтендіру бөлімінің басшысы Гүлфара Сарамбетова.
Балаларға мерекелік атмосфераны сезіндіру үшін ата-аналар таңсәріден перзенттерін саябаққа әкелуге асықты. Өйткені, бұл күн бүлдіршіндерге тек көңіл-күй сыйлап қана қоймай, тың ақпараттармен де қанықтырады. Тұрғындар мейрам ерекше форматта ұйымдастырылған дейді.
«Көңіл күйіміз керемет болып тұр. Тұрғындар көп, барлық орындарда балмұздақ тегін таратылып жатыр. Неше түрлі шарлар таратылып жатыр. Барлығы керемет өтіп жатқан сияқты. Балалар әрдайым күліп жүрсін. Дендері сау болсын, ешқандай бала ауырмасын», – дейді Гүлназ есімді қала тұрғыны.
Іс-шара аясында флористика, аквагрим, сурет салу және аспаздық өнер бойынша шеберлік сабақтар өтті. Робототехника бойынша жарыс, түрлі квест ұйымдастырылды. Мұның барлығы балалардың таным көкжиегін кеңейткені анық.
«Мен өзімнің сыныбыммен және сынып жетекшіммен келдім. Ойын ойнадық, биледік. Мереке өте қызықты өтті», – дейді мектеп оқушысы Ерасыл Ғали.
Мерекелік шаралар әр мекемеде тойланып жатыр. Мектеп оқушалары флешмоб өткізіп, спорттық жарыстарға қатысуда. «Балалар игілігі үшін» республикалық акция аясыда бүлдіршіндерге сыйлықтар да таратылды.