
Бірнеше сағат бұрын Астана әуежайына бокстан әлем чемпиондары келді. Әлем чемпионатында жеңімпаз атанған елордалық Санжар Тәшкенбай мен Нұрбек Оралбайды және жеке бапкерлерін Астана тұрғындары қошеметпен қарсы алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Боксшыларымызды күтіп алуға туыстары, жақындары, достары, жанкүйерлері, сол сияқты Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов пен Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев келді.
"Сіздердің жеңістеріңіз жанкүйер қауымды ерекше қуанышқа бөледі. Мүмкін емес ештеңе жоқ екенін дәлелдедіңіздер, алдағы уақытта да бізді талай-талай жеңістеріңізбен қуантататындарыңызға сенеміз", - деді қала әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев.
Астана қаласының ең жас былғары қолғап шебері Санжар Ташкенбай байрақты бәсекеде қолдау көрсеткен барлық қазақстандықтарға алғысын білдірді.
"Әлем чемпионатында 4 жекпе-жек өткіздім. Ең қиыны жартылай финалда кездескен Эдмонд Худоян болды. Өте ыңғайсыз қарсылас екен. Бірақ бапкерлерімнің тактикасымен жеңіске жеттім. 48 келі Олимпиадалық салмаққа кірмейді. Сол себепті 51 келіге ауыссам деген жоспарым бар. Бұйырса, Олимпиада жолдамасы үшін таласатын боламын. Мен барлық күш-жігерімді саламын. Барша жанкүйерлеріме шын жүректен алғыс айтқым келеді", - деді Қазақстан құрамасының ең жас чемпионы Санжар Тәшкенбай.
Алтын медаль иегерлерінің бірі елордалық боксшы Нұрбек Оралбай алдағы Олимпиадада чемпион атану үшін бар күшін салатынына және сыңары Айбектің жекпе-жегі жайлы өз ойымен бөлісті.
"Әлем чемпионы екенімді әлі толық сезінбедім. Бұйырса, алдағы Азия ойындарына дайындалып, Париж Олимпиадасының жолдамасын алуға тырысамын. Осымен тоқтап қалмаймын. Ал 92 келіде өнер көрсеткен сыңарым Айбек Оралбайдың сәтсіздігіне келетін болсақ, бұл – спорт. Біреу жеңеді, біреу жеңіледі. 2022 жылы өткен Азия чемпионатында Айбекке чемпиондық атақ бұйырған еді. Енді менің бағым жанды", - деді ол.
Еске алсақ, Ташкентте өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 4 алтын, 1 күміс иеленіп, жалпы есепте 2-орынға тұрақтады.