
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетіп жүрген елордалық боксшы Санжар Тәшкенбай әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Өзбекстанның Ташкент қаласында бокстан әлем чемпионатында жерлесіміз Санжар Тәшкенбай 48 келі салмақта сынға түсті. Ол әлем чемпионы атағы үшін финалдық кездесуде грузиялық Сахил Алахвердобимен күш сынасты.
Финалдық кездесудің алғашқы раундында төрешілер түгелдей Санжар Тәшкенбайды басым деп тапты. Екінші кезеңде Санжар сол басымдылығын сақтап қалды. Қорытынды есеп – 5:0. Осылайша Санжар Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды салды.
Ертең тағы бір елордалық боксшы Нұрбек Оралбай Әлем Чемпионатының финалында өнер көрсетеді.
Айта кетейік, Ташкентте бокстан әлем чемпионаты 1 мамыр күні басталған болатын. 104 елден жиналған 600-дан аса былғары қолғап шебері жиналды. Жарыс 13 салмақ дәрежесі бойынша өтіп жатыр.
Әлем чемпиондары Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA) 200 000 АҚШ долларынан алады. Күміс жүлдегерлерге 100 000 мың, қола жүлдегерлердің әрқайсысына 50 000 мың АҚШ доллары беріледі.
Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 5,2 млн АҚШ долларын құрайды.