
Бүгін елордада Есіл жағалауындағы амфитеатрда үш сағат бойы Жеңіс күні мерекесінің құрметіне ұйымдастырылған «Отанға қызмет – ұлы құрмет» концерті өтті. Қаланың шығармашылық ұжымдары астаналықтарды ҰОС-тың 78 жылдығымен құттықтап, өз өнерлерін ортаға салды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
Іс-шара аясында «Сарыарқа» халық музыкасы ансамблі, «НАЗ» мемлекеттік би театры, Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның үрмелі оркестрі, «Терра» би театры, сол сияқты республикалық және халықаралық вокалдық байқаулардың өзге де жеңімпаздары өнер көрсетеді.
«Астана қаласының мәдениет басқармасы әкімдіктің өзге ведомстволық бағынысты кәсіпорындарымен бірлесіп 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған концерт өткізеді. Концерт бірінші кезекте Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне арналған. Концертке Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарын шақырамыз. Мұнда отандық композиторлардың әндері мен соғыс жылдарындағы туындылар орындалады. Сонымен қатар М. Горький атындағы орыс драма театрының ұжымы көрермендерге театр қойылымын ұсынады», – деді Астана қаласы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Қамзин.
Астана қаласы мәдениет басқармасының өкілдері ардагерлерге, елорда тұрғындары мен қонақтарына арнап мереке ұйымдастырды. Концертке жүздеген көрермен қатысты.
«Бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Мұны өскелең ұрпақ білуі керек. Бұл жеңісті ешқашан ұмытпауымыз керек. Сондықтан бүгін немерелерімді концертке алып келдім. Жеңіс күні құттыболсын!» – деді концертке қатысушы Гүлзада Есенова.