
Астанадан ҚР Әскери-теңіз күштері қатарына аттанған 45 сарбаз үйіне қайтты. Елордалық вокзал перронында оларды отбасылары, достары, Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Қарулы Күштердің, Ауған соғысының ардагерлері, жассарбаздықтар салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара жастарды патриоттық тәрбиелеу және әскери қызметтің имиджін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
«Бүгін біз бір жыл бұрын Отан алдындағы борышын өтеу үшін Әскери-теңіз күштері қатарына шақырылған теңізшілерімізді кездестіреміз. Бір жыл ішінде олар шыңдалып, үлкен тәжірибе жинақтады, олардың кейбірі Әзербайжан, Иран және РФ порттарында, нақты әскери кемелердің бортында болды. Айта кетейін, бүгінде теңізшілер ғана емес, әскери-теңіз күштерінің кеңеюін көрсететін десанттық-шабуылдау батальонының сарбаздары да бар, өйткені бұл – Каспий маңы өңіріндегі егемендігіміздің кепілі», – деді Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Жұмабек Хасенов.
Оларды салтанатты түрде ҚР Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери оркестрінің сүйемелдеуімен қарсы алды.
«Қызмет алдында қорқыныш болды, бірақ уақыты келгенде қорқатын ешнәрсе жоқ екенін білдік. Мен көп нәрсені үйрендім: бұрын білмеген қару асынып, өзімді сарбаз ретінде сезіну, тіпті әскери кемеге бару. Бұл қызықты әрі тәжірибеге бай кезең болды, өз өмірімде осындай кезең болғанына қуанамын», – деді матрос Мұхаметжан Жанахметов.