
Бүгін елордадағы Триатлон саябағында алғаш рет аутизмі бар балаларды қолдауға арналған «Run for autism» атты қайырымдылық жүгіру шарасы өтті. Оған мыңнан астам қала тұрғындары мен қонақтары қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қайырымдылық шараның ашылу салтанатына Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев, «Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Бүгінгі қайырымдылық жарысы Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күніне арналған. Іс-шара аутизм туралы халықтың хабардарлығын арттыру, осы диагнозы бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту және олардың қоғамнан өз орнын табуы мақсатында өткізіліп отыр. Алдағы уақытта да жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспарда бар», - деді қала әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, сатылымдағы билеттерден түскен 6 млн теңгеден астам қайырымдылық қаражат «Болашақ» қорының «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасы шегінде аутизм бар және басқа да ментальді бұзылушылықтары бар балаларға арналған инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталмақ.
Қайырымдылық іс-шарасына кәсіби, әуесқой спортшылардан бастап ерекше қажіттілігі бар 16 бала мен олардың ата-аналары қатысты. Олар төрт қашықтық бойынша сынға түсті.
Айта кету керек, қайырымдылық жарысына астаналықтардан бөлек Алматы, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Теміртау және Семей сияқты басқа қалалардан келген қатысушылар да болды.
Шара аясында аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар балаларға арналған «Көңілді старттар» спорттық-ойын-сауық эстафетасы ұйымдастырылды.
Командалық ойындарға 5 пен 14 жас аралығындағы аутизм бар, психикалық және сөйлеу тілі дамуы тежелген, даун синдромымен және т.б. 100-ден астам бала қатысты. Эстафета қорытындылары бойынша әрбір жас қатысушыға медаль және іс-шараның серіктесінен сыйлық қорапшасы табысталды.
Сонымен бірге балалар арасында балалар велосипедтері де ойнатылды.
Барлық қатысушылар арасында бағалы жүлделер мен сыйлықтар ойнатылды.
Жарыс төрт қашықтық бойынша өтті: 1 км, 2,5 км, 5 км және 10 км. Қатысу құны 4 990 теңгеден 7 990 теңгеге дейін болды. Қайырымдылық жүгіріске барлығы 1 017 адам қатысты.
Әр қашықтықтан жүлделі орындарға ие болған жарыс жеңімпаздары іс-шараның атақты спортшылары мен серіктестерінің қолынан дипломдар мен медальдар алды. Мәреге жеткен барлық қатысушылар естелік медальдарға ие болды.
Айта кетейік, қайырымдылық жүгіріс Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.