
Елорданың №56 мектеп-лицейінде мемлекеттік орган өкілдерінің қалалық білім беру мекемелерінде құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі менеджерлерімен кездесуі өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Кездесу Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Асима Бимендинаның бастамасымен ұйымдастырылды.
«Бүгінгі құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кездесу еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы айтылған Президенттің тапсырмасын орындау болып есептеледі. Мемлекет басшысы бүгінгі күні профилактикалық жұмыс нашар жүргізіліп жатқанын, балаларға қатысты қатыгездіктің жиілеп бара жатқан жағдайларына қарсы күресте күш-жігерді біріктіру қажеттігін айтты. Мемлекеттік органдар қоғамдық бірлестіктермен, ата-аналармен бірге жастарды тәрбиелеу, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қорқыту мәселелерін бақылауда ұстауға тиіс. Бүгінгі кездесу өте маңызды және қызықты, себебі шақырылған спикерлер мектеп оқушылары арасында профилактикалық жұмыс жүргізетін менеджерлеріміздің көптеген сұрақтарына жауап бере алды. Мұның бәрі балаларымыздың, олардың қауіпсіздігі үшін», – деді Асима Бимендина.
Кездесуге қатысушылар кәмелетке толмағандармен профилактикалық жұмыс мәселелерін талқылады, қорқытудың алдын алу ережелерін, психологиялық қызметті, сондай-ақ балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілеріне ден қою алгоритмін талқылады. Құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша менеджерлер қызметінің негізгі бағыттары және тәрбие жұмысының жаңа нысандары мен әдістері қозғалды.
№53 мектеп-лицейінің құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі менеджері Айгүл Біржанова кездесудің өзектілігін атап өтті.
«Бүгінгі кездесу өте маңызды, мұнда біз толғандыратын көптеген сұрақтарға жауап алдық. Спикерлерді тыңдадық, Президенттің елде жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылық қаупі көтерілгені туралы хабарына реакция болған баяндамаларды тыңдадық. Біз өзімізде бар проблемалар туралы қозғадық, өйткені біздің жоба пилоттық және біз өз қазанымызда қайнап жатырмыз деп айта аламыз. Бұл ретте бізге білім беру саласы мен құқық қорғау органдары өкілдері тарапынан үлкен қолдау көрсетіледі. Проблемаларды бірлесе шеше отырып, оң нәтижеге қол жеткізетінімізге сенімдімін», – деп атап өтті Айгүл Біржанова.
Қатысушылар бірқатар мәселе бойынша пікір алмасты, тәжірибелерімен бөлісті, талқылау нәтижесі бойынша биыл жүргізілетін жұмыстарды жоспарлау және шаралар қабылдау үшін тиісті мемлекеттік органдарға, қала мектептеріне жіберілетін ұсынымдар қабылданды.