Астанада күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтіп жатыр

Астанада күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтіп жатыр

Астана қаласындағы Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Азия чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараның ашылу салтанатына мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Біріккен күрес Әлемі - UWW Бюро мүшесі, UWW Азия Кеңесінің Президенті, ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының Президенті Дәулет Тұрлыханов қатысты.

Дүбірлі додаға сары құрлықтың 24 елінен 400 палуан қатысып отыр. 6 күнге созылатын жарыста жалпы есепте 30 салмақ дәрежісінде жеңімпаз бен жүлдегерлер анықталады. Күрестің әр түрінен 10 медаль жиынтығы ойнатылады.

Күн сайын күндізгі сессия сағат 11.00-де (алдын ала, жартылай финалдық және жұбаныш белдесулері), кешкі сессия 18.00-де (1-ші және 3-ші орындар үшін финалдық ойындар) басталады.

Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының алғашқы күні 4 медальге қол жеткізді.

Серік Жұмашев жаттықтыратын 5 бозкілем шебері жүлде жолында күресіп, төртеуі тұғыр биігіне көтерілді.

Аманғали Бекболатов (55 кг) қытайлық Хайфенг Жангты таза ұтып, биылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Ересектер арасындағы алғашқы халықаралық жарысына қатысқан Мұхамедәлі Мамырбек (63 кг) Астанадағы Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Ол жүлде жолында жапониялық Кьезо Маруйаманы таза ұтты.

Ал тағы бір отандасымыз Нұрсұлтан Тұрсынов күміс жүлдегер атанды. Ол ақтық сында былтырғы сары құрлық чемпионы ирандық Насер Гасем Əлизадеге есе жіберіп алды.

Аса ауыр салмақтағы Әлімхан Сыздықов (130 кг) екінші жыл қатарынан Азия чемпионатында медаль алды. Былтыр Моңғолияда оңтүстік кореялық Минсекок Кимнен басым түсіп, алтыннан алқа таққан қазақстандық бұл жолы дәл сол қарсыласын кезекті рет ұтып, қола жүлдені місе тұтты.

Алғашқы күннен кейін 4 алтын, 1 күміс жүлде жеңіп алған Иран құрамасы көш басына шықты. Одан кейін 1 алтын, 1 қоламен Қырғыз Республикасы тұрса, үздік үштікті Қазақсан түйіндейді (1 күміс, 3 қола медаль).