Елордада су тасқыны кезеңіне дайындық қалай жүріп жатыр

Елордада су тасқыны кезеңіне дайындық қалай жүріп жатыр

Елордада су тасқыны қаупі мәселесі ерекше назарда. 2023 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында, сол сияқты Астанадағы көктемгі кезеңде төтенше жағдайлар мәселесіне жедел ден қою үшін су тасқыны қаупі бар 21 учаскеде ТЖД және қаланың коммуналдық қызметтерінің инженерлік және су бұру техникасы бекітілген. Бұл жұмыс туралы онлайн-брифингте елордалық ТЖД бастығының орынбасары Дастан Алдабеков айтып берді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Жергілікті орындардың бәрінде ТЖД жеке құрамының 145 адамы, 76 бірлік техникасы, 46 мотопомпа және 2 жүзу құралы бекітілген. Су тасқыны қаупін болдырмау үшін ведомство көктемгі еріген суды қауіпсіз жерлерге ағызу жөніндегі дайындық бойынша кешенді іс-шаралар жоспарын әзірледі.

«Биыл 2-3 наурыз аралығында су тасқыны аралығында төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын дайындау бойынша «Көктем-2023» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтіп жатыр. Бүгінгі таңда қала аумағынан 3,6 млн текше метрден астам қар шығарылды, 40 метр арық-науа желісі тазартылды, 3,8 мың метр құбыр буландырылды», - деді Дастан Алдабеков.

Бұдан басқа, су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу үшін «Астана Тазалық» ЖШС базасында қапшық және 6,7 тоннадан астам инертті материал дайындалды. Азық-түлік пен жанар-жағармай материалдарын жеткізу бойынша қала әкімдігімен 8 меморандум жасалды. Сондай-ақ төтенше жағдайлар туындаған жағдайда халықты орналастыру бойынша 4 қонақ үймен жасалған шарттар жаңартылды және жалпы саны 2 мың адамнан тұратын 13 уақытша орналастыру пункті дайындалды.

19 қаңтардан бастап ТЖД қызметкерлері ауласының қарын уақытылы күреу қажет екенін хабардар ету үшін қаланың тұрғын секторларын аралады.

«Құрметті тұрғындар, жер үйдің аумағындағы қарды уақытылы күреу үй иесіне жүктеледі, жеке сектордың тұрғындары үйінің аумағынан қарды одан әрі жол жиегіне шығаруы, сол сияқты ағынды суларға немесе су өткізгіш құбырларға арнап су бұрғыштарды ұйымдастыруы қажет», - деп қорытындылады спикер.