Елордада Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні аталып өтті

Елордада Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні аталып өтті

Бүгін Астанада Қазақстанның Азаматтық альянсының бастамасымен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне арналған мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев, ҚР экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, бірқатар орталық мемлекеттік органдар вице-министрлері, Халықаралық және шетелдік ұйымдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

«Қазіргі уақытта елімізде 22 мыңнан астам ҮЕҰ тіркелген. Оның 17 мыңынан астамы белсенді жұмыс істейді. Мемлекет жыл сайын 2 мың әлеуметтік маңызы бар жобаны ҮЕҰ-мен өзара байланыс арқылы іске асырып келеді. Қоғамдық кеңестердегі азаматтық сектордың үлесі 23,5% артып, қазіргі уақытта 86%-ды құрады. Қоғамдық кеңестердің құрамы 90 пайыз жаңартылды», - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Іс-шараның негізгі мақсаты – бастауыш және кәсіби ҮЕҰ-ны қолдау, тәжірибе алмасу, азаматтық сектор, бизнес құрылымдар өкілдері, дипломатиялық миссиялар мен мемлекеттік органдар арасында әріптестік орнату. 

«Астанада 3000-нан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олар әртүрлі салада қызмет етіп жатыр. Екі жақты немесе көп жақты конструктивті диалог мемлекетті алға сүйрейтін игі фактор. Қоғамдық ұйымдардың араласуымен қаламызда бірқатар мәселелер жүзеге асуда. Олар білім беруге, салауатты өмір салтын насихаттауға, жастарды, балалардың бастамаларын және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға, отбасылық және тұрмыстық мәселелерді шешуге жәрдемдесуге, халықты еңбекпен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған. Күнделікті үздіксіз жұмыс пен елордалық ҮЕҰ-ның тиімді қызметінің арқасында табысты іске асырылған жобалардың саны мен сапасы жыл сайын артып келеді. Бұдан бөлек, биыл елорданың 25 жылдығына орай энциклопедиялар жарық көреді. Соның ішінде Астана қаласының және үкіметтік емес ұйымдардың жетістігі көрініс табатын болады», - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен.

Сондай-ақ іс-шара барысында үкіметтік емес ұйым өкілдері Астана қаласы әкімінің, Ақпарат және қоғамдық даму министрінің және орталық мемлекеттік органдардың алғыс хаттарымен марапатталды.

«Үкіметтік емес сектордың сапалы кәсіби өсуі байқалды. ҮЕҰ-ның көптеген көшбасшысы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының міндеттерін өте жақсы орындайды. Жақында өткен сайлау қорытындысы бойынша Парламент Сенатының жаңартылған құрамы үкіметтік емес сектордың лайықты өкілдерімен толықтырылғанын мақтанышпен айтамыз», - деді Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева.

Іс-шара барысында республикалық және өңірлік ҮЕҰ басшылары мен сарапшылары, халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өкілдерінің қатысуымен мастер-класс, семинарлар өтті.

Айта кетейк, Дүниежүзілік ҮЕҰ күні алғаш рет 2010 жылы Литваның Вильнюс қаласында өткен Балтық теңізі аймағының ҮЕҰ IX форумының 8-саммитінде ресми түрде жарияланды. Дүниежүзілік ҮЕҰ күні ресми түрде Халықаралық деңгейде 2014 жылдың 27 ақпанынан бастап Финляндияның Хельсинки қаласында атап өтілді.