
Елордада балалар мен жасөспірімдердің демалысын пайдалы өткізу үшін қаланың барлық ауданында 25 аула клубы жұмыс істейді. Олардың жұмысы туралы онлайн-брифингте Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров айтып берді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
«Аула клубтары» әлеуметтік жобасы елордада соңғы сегіз жыл ішінде тұрақты негізде жүзеге асып келеді. Оның жұмысы тұрғылықты жері бойынша балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалануға бағытталған.
«Аула клубтарының қызметі жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайтуға, балалардың денсаулығын жақсартуға және олардың уақытын пайдалы өткізуге тікелей әсер етеді, сондай-ақ патриотизмнің дамуына ықпал етеді. Жыл сайын өтеусіз негізде аула клубтарында халықтың әлеуметтік осал топтарынан, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан жүздеген бала тәрбиеленеді. Сондай-ақ, қалалық ПД ювеналды полициясында есепте тұрған кәмелетке толмағандар аула клубтарына барады», — деді Қайрат Қамбаров.
Елорданың 25 аула клубына 7 жастан 29 жасқа дейінгі балалар мен жастар арасынан 3100-ге жуық тәрбиеленуші қатысады. Онда 124 үйірме мен секция жұмыс істейді – 68 спорттық және 56 шығармашылық бағыт.
2022 жылы Есіл, Сарыарқа және Алматы аудандарында үш жаңа аула клубы ашылды.
Елорданың аула клубтарының тәрбиеленушілері Болгария, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Италия және Қазақстан елдерінде өткен жарыстардың жүлдегері атанды.
«2022 жылы жалпы саны 3000 адамды қамтитын 20-ға жуық іс-шара өткізілді. Мысалы шахмат, спорттық және шығармашылық бағыттар бойынша турнирлер, концерттер өтеді. Осы жылдың басты мақсаты – аула клубтарының санын көбейту және сапасын арттыру. Бұл бағытта жұмыс жалғасады», — деп қорытындылады басқарма басшысы.