Елорданың еріктілері қарт кісілердің ауласын қардан тазартты

Елорданың еріктілері қарт кісілердің ауласын қардан тазартты

Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» КММ-нің еріктілері жалғыз тұратын зейнеткерлердің аулаларын қардан тазартты. Мұндай акциялар елордада үнемі өткізіліп тұрады. Қар тазалау акциясына 20-ға жуық ерікті қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

 

Қардың көп түсуіне және қар үйінділерінің пайда болуына байланысты Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» КММ-нің өкілдері мен елорда еріктілері жалғызбасты қарт адамдар тұратын 3 мекенжай бойынша аумақты қардан тазартуға көмек көрсетті.

«Волонтер болу – игі жұмыс. Мұндай ортаға жиналғандар бір-бірімен тәжірибе алмасады, ел көреді, жер көреді. Сондай-ақ дос табады. Сол арқылы орта қалыптасады. Ал, айналадағы адамдардың алғысын алған кезде ерекше сезімде боламын. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», - деді волонтер Мерей Қалел.

Ал зейнеткерлер Астана әкімдігі мен студенттерге алғыс айтты.

«Көмек берген балаларға рақмет. Себебі ауланы қардан тазалау маған қиын екені рас. Волонтерлерге рақмет, мықты денсаулық тілеймін», - деді зейнеткер Роза Садвакасова.

Аталған игі істі Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Қайырымды іс қыс мезгілі аяқталғанша жалғасады.