
Астанада тоғыз мектептің құрылысы ағымдағы оқу жылының соңына дейін аяқталады. Елорда әкімінің орынбасары Есет Байкен онлайн-брифинг барысында жаңа мектептер салу және оқушылар орындарын құру жөнінде хабардар етті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
Елордада жалпы білім беретін мектептер желісі жыл сайын артып келеді.
"Бүгінде елордада 237 мың бала оқитын 162 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 99 мемлекеттік, 56 жекеменшік және 7 Республикалық мектеп бар. Соңғы 3 жылда қала әкімдігі оқушы орындарының тапшылығын қысқарту үшін 70 мың оқушы орындарына 35 мектеп пайдалануға берілді", - деді қала әкімінің орынбасары.
Ағымдағы жылы Астанада 18 мың орындық 9 мектептің құрылысы жүргізілуде, олардың біреуі желтоқсан айының соңына дейін пайдалануға беріледі, қалған 8 мектепті оқу жылының соңына дейін ашу жоспарлануда (2022-2023).
2023 жылы қалада 20 мың орындық тағы 13 мектептің құрылысы басталады. Сондай-ақ, "Жайлы мектеп" жобасы аясында 2026 жылға дейін 89 мың орынға (екі ауысымда) 24 оқу орнын салу жоспарлануда. Қазір құрылысқа арналған жер учаскелері анықталды, сондай-ақ жобаларды іске асыру жоспары пысықталуда.
"Қабылданған шаралар мектептердің шамадан тыс жүктелуінің қазіргі проблемасын шешіп қана қоймай, болашақта орын тапшылығы мәселелерін толығымен жояды. Білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басым бағыт болып табылады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мектептер 100% цифрлық бейнебақылаумен жабдықталған. Камералар мен дабыл түймелері қала әкімдігінің бірыңғай ахуалдық орталығына және Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған", - деді Есет Байкен брифингте.