Бүгін елордалықтар Бергамо қаласынан жеңiспен оралған пара каратэшілерді халықаралық әуежайдан қарсы алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қос алтын иеленген астаналық пара спортшыларды жанкүйер қауым ұран сөздер жазылған плакаттармен күтіп алып, ерекше құрмет көрсетіп жатты.
«Ең алдымен қолдау білдірген жақындарыма, достарыма, жанкүйерлеріме алғыс білдіремін. Бұл үлкен жеңістерге жол ашатын жетістік деп білемін. Арман-мақсатымыз қашанда осындай ірі халықаралық жарыстардың ареналарында көк байрағымызды желбіретіп, биіктен көріну», — дейді әлем чемпионатының жеңімпазы Дидар Мұхамеджанов.
Еске сала кетейік, дүниежүзілік дода Италияның Бергамо қаласында өтті. Жарысқа әлемнің 16 елінің спортшылары қатысып, арасынан астаналық пара каратэ шеберлері топ жарды.
Жарыс қорытындысы бойынша, каратэнің ката түрінен көру қабілеті зақымданған спортшылар санатында жерлесіміз Ләззат Жүсіпова алдына жан салмады. Ал тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар санатында тағы бір жерлесіміз Дидар Мұхамеджанов әлем чемпионы атанды.
Айта кетейік, ұлттық ұрама елордада өткен ел чемпионда жасақталған болатын. Ол қазан айының басында өткен.
Ел үздіктерінен құралған ұлттық құрама спортшылары енді желтоқсан айында өтетін Ташкент қаласындағы Азия чемпионатында бақ сынайды.