
Елордада өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр, онда қала тұрғындары азық-түлікті нарықтағы бағадан арзан сатып ала алады. Бұл жолы өз өнімдерін Ақмола облысы әкелді. Елордадағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маусымын жергілікті тауар өндірушілер де жалғастырады. Келесі демалыс күндері, 5-6 қарашада "Астана-Арена" стадионының жанындағы алаңда елорданың тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
Жәрмеңке әдеттегідей "Астана-Арена" стадионының жанындағы алаңда өтіп жатыр. Мұнда ақмолалық өндірушілер 50-ден астам өнім түрін ұсынды. Ауыл шаруашылығы өндірушілері тауарларды делдалдарсыз сата алады, нәтижесінде мұндағы бағалар әдеттегі бағадан 10-20%-ға төмен. Мұндай жәрмеңкелердің басты мақсаты - астаналықтарға қолжетімді бағада азық-түлік сатып алуға мүмкіндік беру.
Атап айтқанда, Ақмола облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Хасым Иткусовтың айтуынша, облыс аграршылары 200 тоннаға жуық ет және ет өнімдерін, 100 тонна сүт және сүт өнімдерін, 13 тонна жаңа ауланған балық, шамамен 1 млн дана жұмыртқа, 25 тоннадан астам ұн, 100 тонна көкөніс, ал жәрмеңкеге барлығы 850 тоннадан астам азық-түлік әкелді.
"Осы жәрмеңкеге келіп тұрғанды ұнатамын әрі апта сайын осы жерден азық-түлік сатып аламын. Супермаркеттегі бағалардан кейін әдетте әмияным босап шығады. Ал мұндағы бағалар қолайлы, бәрі жаңа және таңдау да көп", - дейді астаналық Нұрия Болатова.
Елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған жәрмеңкеде Ақмола облысының әртістері мен шығармашылық ұжымдары концерттік бағдарлама ұйымдастырды.
Жәрмеңкеге қатысқан тағы бір қала тұрғыны ұйымдастырушыларға зор алғысын жеткізіп, жылы лебіздерін білдірді.
"Мен кез-келген кезекте тұруға дайынмын, бастысы - жаңа өнімдерді делдалсыз, тікелей сатып алу. Мұндай жәрмеңкелерді қаланың әр түкпірінде өткізген жөн", - деді Нұрбек Мақышев.
Елорда әкімдігінің Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметінше, осы жылдың 27 тамызы мен 30 қазаны аралығында елордаға 15 облыстың ауыл шаруашылығы өндірушілері 5 500 тоннадан астам өнім әкелген. Олардың арасында ет, көкөністер, жемістер, ұн, макарон, бал, балық, кондитерлік өнімдер, сүт өнімдері және басқалар бар.