
Елордада Республика күніне орай демеушілік қаражат есебінен ұйымдастырылған мерекелік отшашу өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Отшашу сағат 21:00-де қаланың екі орнында — Атырау көпірі (қала жағалауы) мен Ботаникалық бақ маңында іске қосылды. Отшашудың ұзақтығы шамамен 10 минутты құрады, ал отшашу атысының саны 3,5 мыңды құрады.
Айта кету керек, елорда тұрғындары мен қонақтары үшін атаулы мерекеге орай 200-ден астам түрлі форматтағы іс-шаралар (концерттер, қойылымдар, көрмелер, спорттық іс-шаралар және т.б.) ұйымдастырылды, олардың жартысы бүгінге дейін өткізілді.
Сонымен қатар, мереке аясында елордада және әр ауданда түрлі саладағы еңбегімен көзге түскен қызметкерлер, еңбек ардагерлері, батылдығымен танылған азаматтар және өзгелері марапатталды.
Мереке күні Астанада тұрғын үйлер мен басқа да әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді.