
Астана қаласында зиялы қауым өкілдері жұртшылықты Республика күні мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Ұлттық мереке ретінде биыл бірінші рет тойланайын деп отыр. Қайтқан мерекеде де береке бар. Ұлттық мереке дегеннің мәнісі неде? Еліміздің қазақ дейтін ұлты бар, сол сияқты шекарасы, негізгі тарихы бар. Егер ұлттық белгілеріміз болмаса ешбір ұлттық мереке тойлай алмас едік. Сол себепті Республика күні ең қасиетті күніміздің бірі болмақ. Мерекеміз ары қарай да жалғаса берсін. Қазақ халқы ұлт ретіндегі сипатын ешқашан жоғалтпайтын ел болады деп есептеймін», - деді ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Оңайгүл Тұржан.
Өз кезегінде Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы, Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы ізгі лебізін білдірді.
«Тәуелсіздіктің 30 жылдығын артқа тастадық. Дамудың жаңа бағытында біртұтас ұлт, Әділетті Қазақстан, Берекелі қоғам құру жолында Қазақ елінің өрісі кеңейіп, тұғыры нығая түскен сәтте айтулы мерекеміз ұлттық санатта қайта оралды. Бұған барша қазақ баласы, қоғам шын жүректен қуанды. Мәртебелі мерекеміздің орны зор. Өйткені егемендік көздің қарашығындай қымбат. Қазақстандықтарды құттықтай отыра ең алдымен тұғыры мызғымасын, көк байрағымызды көк аспанда мәңгі желбіресін дегім келеді. Осы Әділетті Қазақстан құру жолында әрбір адамның қанаты талмасын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» - деді Дәулеткерей Кәпұлы.
Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Барыс», «Парасат» ордендерінің иегері Әлібек Асқаров мерекенің маңызына тоқталып өтті.
«Егемендік декларациясы қабылданғалы бері Республика күніне қатысты қоғамда үлкен бір қозғаулар болған. Сол уақыттары 16 желтоқсанды тойлап жүрдік. Дегенмен бұл күннің 16 желтоқсан оқиғасына қатысты себебі де бар. Екіншіден жұрттың бәрі әбігерленіп, жаңа жылға дайындалып, Тәуелсіздік күні көлеңкеде қалып қоятыны жасырын емес. Оның үстіне елордада
16 желтоқсан күнгі ауа райы белгілі ғой. Далаға шығып, жөнді тойлай алмайсың. Сондықтан Республика күнін ұлттық мейрам жасағанына қуанып отырмыз», - деді ол.