
Астанада Рухани келісім күнінің 30 жылдығына орай «Рухани келісім – бейбітшілік негізі» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Конференцияны Астана әкімдігі Дін істері басқармасының қолдауымен діндерді зерттеу орталығы ұйымдастырды.
Бейбітшілік және келісім сарайында өткен екі күндік семинарға Астана қаласы әкімінің орынбасары Е.Байкен, Рухани келісім күні идеясының авторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қоғам қайраткері Т.Мұхамеджан, ҚР АҚДМ дін істері комитеті төрағасының орынбасары Б.Бәкіров, дін істері басқармасының басшысы Н.Әлмұханов, елорданың діни бірлестіктерінің басшылары, сондай-ақ, АҚШ, Ливан, Үндістан, Швейцария, Германия, Ресей және Қырғызстан елдерінің мамандары қатысты.
Рухани Келісім күнін мерекелеу аясында елорданың мешіттері мен ғибадатханаларында қасиетті және литургиялық қызметтер өткізілді, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қайырымдылық түскі ас ұйымдастырылды, дөңгелек үстелдер өткізілді, сондай-ақ қатысушылар үшін Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда концерт ұйымдастырылды.