Осы жылдың 5-30 қыркүйек аралығында елордалық Тілдерді дамыту және мұрағат басқармасы Қазақстан халқы тілдерінің қалалық фестивалін өткізді. Жақында іс-шараның қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Фестиваль қазақ халқының ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туған күнінде Жазушылар аллеясында орналасқан Алаш қайраткерлерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.
5 қыркүйекте қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, Алаш арысы, қазақ әліпбиін құрған қоғам қайраткері, ғалымның туған күніне орай Қазақстан халқының Тілдері күні болып белгіленгеніне 5 жыл толады. Биыл А.Байтұрсыновтың 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде атап өтіледі.
Мерейтойды мерекелеу аясында Астанада Байтұрсыновтың шығармашылығын насихаттау мақсатында қазақ тілінің мәртебесін арттыруға, басқа ұлттар арасында мемлекеттік тілді насихаттауға, Қазақстан халықтары арасындағы достық пен бірлікті нығайтуға ықпал ететін конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, тренингтер, кездесулер, әлеуметтік желідегі челлендж сияқты 500-ден астам іс-шара өткізілді. Білім беру, мәдениет, спорт саласында мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда конкурстар, кездесулер, "дөңгелек үстел" отырыстары, ашық сабақтар ұйымдастырылды. Барлығы 300-ден астам іс-шара өткізілді.
Қазақстан халқы тілдерінің XXIV қалалық фестивалі аясында басқарма Республикалық мобилографтар конкурсын, домбыра party, "Ханталапай" ұлттық ойындары бойынша жарыстарды, "Ауылдың алты ауызы" қоғамдық көлікте қазақ әндерінің шеруін, табысты кәсіпкерлердің қатысуымен "Қазақ тілі-кәсіп тілі" тақырыбында дөңгелек үстел, "Қара, оқы" қазақ тіліндегі караоке, "Әжемнің ертегісі" атты балаларға арналған, "Өзге тілдің бәрін біл..." қазақ тілін еркін меңгерген басқа ұлт жастарымен мотивациялық кездесу, "Трендті тіл" тақырыбындағы телевизиялық ток-шоу, қазақ тіліндегі үш күндік кітап көрмесі, мемлекеттік қызметшілер арасында "IQAS" қазақша куиз" зияткерлік ойыны, 9-11 сынып оқушылары арасында"Шешендік өнер – рухани қазына" қалалық шешендік өнер байқауы ұйымдастырылды.
XXIV қалалық Қазақстан халқы тілдері фестивалінің жабылуында жоғарыда аталған іс-шаралардың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері мен белгілі медиа тұлғалар сөз сөйледі.
Фестиваль аясында шағын сөздік буклеттер әзірленіп, таратылды. Болашақта буклеттің электрондық және қағаз нұсқалары барлық кәсіпкерлерге жіберіледі.